378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстан жол сапасы бойынша әлемде 93-орында

  • 252
  • UPD: 18:42, 03.01.2020

Жыл сайын елімізде жол құрылысына 700 миллиард теңге бөлінеді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Десе де шұрық тесігі шыққан жолдардың жыры әлі бітер емес. Себебі мемлекеттен бөлінген қаржы мақсатты түрде жұмсалмайды. Салдарынан сапа төмендеп, сын көтермейтін жол төселеді. Жалпы биыл елімізде қанша шақырым жол жөнделді?

2019 жылы елімізде 641 шақырым жол пайдалануға берілді. Жалпы ұзындығы 4 мың 400 шақырым автомобиль жолдарын салу және реконструкциялау бойынша 24 жоба жүзеге асты. Бұған қоса биыл Үкімет қаулысымен автокөлік жолдарының сапасын тексеретін «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» құрылды. Мамыр айынан бері мамандар өңір-өңірдегі жолдардан 13 мыңға тарта сынама алған. Соның 5400-дейі стандартқа сай емес.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:

– Биылдың өзінде бізде қайта салдыртқан материалдардың құнын есептейтін болсақ, 5 миллионнан 600 миллионға жақындайды. Кейбір материалдарды қосымша күшейтетін қоспалар қосып, бір бағытқа келтіруге болады. Ондай жағдайлар да болады. Кейбір материалдарды жолға жақындатпай, алдын ала қимыл жасап, көмек есебінде ұсыныс бердік.

«Жаңадан құрылған орталық» сапаны тексерумен қатар жол саласындағы жемқорлықтың тамырына балта шаппақ. Осы мақсатта «Сапалы жол – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе құрды. 

Жанболат Тұртаев, «Ақтөбе – адалдық алаңы» сарапшылар кеңесінің басшысы:

– 2016 жылғы және 2017 жылы салынған жолдардан сынама алынды, бірінші және он төртінші шақырымнан. Ешқандай зертханасыз, яғни көзбен көргенде, жол бұзылып қалған. Келісімшарт бойынша салынған жолға үш жылдық кепілдік беруі керек.

Еліміздегі автокөлік жолдары цифрлық жүйеге енгізілмек. Онда жолдың қашан салынғаны, не жөнделгені, құрылыс жұмыстарын кім атқарғаны туралы ақпарат жинақталады. Пилоттық жоба Павлодар облысында жүзеге аса бастады.

Замир Сағынов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК бас директоры:

– Бәрін электронды форматқа көшіруіміз керек. Сонда жемқорлыққа жол бермеу мәселесінде алға қозғаламыз деп ойламын. Жалпы екі-үш жылда барлық жолды өтіп, қай жолда қай мердігер жұмыс істеді, қай жолда қандай ақаулар шықты, соның бәрін өзіміздің сайтымызға салғымыз келіп отыр.

Бүгінде еліміздегі республикалық маңыздағы жолдың 20 проценті, ал жергілікті аумақта 30 проценті нашар. Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан жол сапасы бойынша 93-орында. Ал жолдары тақтайдай тегіс мемлекеттердің көш басын әзірге Сингапур, Нидерланд және Швейцария бастап тұр. 

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Ержан Рахманбердиев

Хабар 24 телеарнасы