380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырау облысындағы елді мекендердің 99,6% көгілдір отынмен қамтылды

  • 175
  • UPD: 18:57, 03.01.2020

Атырау облысында елді мекендерді көгілдір отынмен қамту көрсеткіші 99,6 процентке жетті, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сондай-ақ мұнайлы өңірде республикалық дәреждегі Ақтөбе-Атырау-Астрахан күре жолының құрылысы басталды. Оның 60 шақырымы 2021 жылы аяқталады деп күтілуде. Тұрғын үймен қамту саласында да ілгерілеушілік бар. Өткен жылы 2 мыңға тарта отбасы баспаналы болды.

Еліміздің негізгі мұнай-газ өнеркәсібі шоғырланған өлкеде тұрғындарды көгілдір отынмен қамту мәселесі оң шешімін тапқан. Биыл Атыраудан 600 шақырым шалғайда орналасқан Азғыр өңіріне табиғи газ жеткізілді. Бағасы 10 миллиард теңге болатын жоба табиғат пайдаланушылар есебінен жүзеге асырылған еді. Нәтижесінде 10 елді мекен табиғи отынның игілігін көре бастады. Бұл жоба биыл да жалғасатын болады.

Асан Нұрғалиев, энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– Қазіргі уақытта 13 елді мекеннің жобалық құжаттамалық сметасы дайын. Соның ішінде 4 жоба аяқталып, құрылыс жұмыстары бітті. Алдағы уақытта 8 жобамыз бар. Соған қаражат бөлу жоспарлануда. Бұл жұмыстар аяқталғаннан кейін 145 елді мекенге жетеді. Ол халық санымен шаққанда 99,6 процент.

Былтыр облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға жергілікті бюджеттен 39 миллиард теңге бөлінген болатын. Ол қаражат мұнайлы өңір арқылы өтетін күре жолдарды қайта жаңғыртуға жұмсалды. Сондай-ақ облысішілік жол қатынасы жақсарып, жаңа бой көтерген ықшам аудандар толықтай асфальтталды.

Әсет Оразғалиев, облыстық жолаушылар көлігі және автожолдар басқармасының басшысы:

– Атырау облысындағы көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында 2019 жылы 165 шақырым астам жол жөнделіп, 32 елді мекен қамтылды. Онан өзге Атырау қаласы мен қала маңындағы елді мекендерде  47 шақырым автокөлік жолы салынып, 48 көше қамтылды.

Әлеуметтің әлеуеті артқан сайын жайлы да, жаңа баспанаға сұраныс көбеюде. Осыған орай Атырауда жыл басынан бері қарай 4 жаңа тұрғын үй кешені бой көтерді. 700-ге тарта отбасы баспаналы болды. Олардың басым бөлігі – бюджеттік мекеме қызметкерлері. Сондай-ақ 2019 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 1500 пәтер пайдалануға берілді.  Жалпы Атырау облысы бойынша 68 мың азамат «Нұрлы жер» бағдарламасына қатысуға ниет білдіріп отыр.  Олардың он төрт мыңы банкімен келісімшартқа отырып, үй кезегін күтуде.

Рафхат Жолдиев, қалалық тұрғын үй секторының басшысы:

– «Нұрсая» ықшам ауданынан 8 үй, осы Береке» ықшам ауданынан 13 несиелік үй үй тапсырылып отыр. Бұл үйлер Тұрғын үй жинақ банкісіне төлем қабілеттерін анықтап, 20 процент бастапқы жарнасын салып, барлық тексеруден өткен азаматтар осы үйлердің иелері бола алады.

Ел қазынасына құйылатын табыстың 27 процентін құрайтын аймақта былтыр 21 триллион 500 миллиард теңгенің өнідірістік өнімі өндірілді. Оның ішінде шағын және орта бизнестің де үлесі қомақты. 2020 жылы мұнайлы өңірде құны 3 триллион теңгеден асатын 35 жоба жүзеге аспақ. Сол кезде қосымша 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы