377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық ядролық орталық – Азияның ең үздік зерттеу кешені

  • 148
  • UPD: 19:09, 03.01.2020

Ұлттық ядролық орталық өткен жылды табыспен қортындылады, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның бірі – Токиода өткен халықаралық ядролық жобалар жиынында мәлім болғандай, біздің ғалымдар жұмысына Азиядағы ең үздік зерттеу орталығы деген баға берілді. Ал тышқан жылы қазақстандық ТОКАМАК қондырғысында термоядролық синтезге бағытталған маңызды жобалар жүзеге аса бастайды.

Ұлттық ядролық орталық мамандарының 22 жылдан бері тер төгіп келе жатқан ірі жобасының бірі – ТОКАМАК қондырғысы. Өткен жылғы қарашаның 20-сы күні қондырғыны физикалық іске қосудың екінші және соңғы кезеңінің талаптарын қанағаттандыратын плазмалық разряд алынды. Сынаққа сутегі қолданылған. Бұл Қазақстанның әлемдегі ғылыми-техникалық әлеуеті жоғары алпауыт мемлекеттермен терезесі теңелді деген сөз.

Бауыржан Шектібаев, ҚР ҰЯО термоядролық зерттеулер бөлімінің жетекшісі:

- ТОКАМАК қондырғысы біз сияқты жас ғалымдардың ізденіп, отандық термоядролық синтез саласын терең зерттеуге үлкен мүмкіндіктер беріп отыр. Болашақта мұнда магистрлік, докторлық еңбектер қорғалып, еліміздің атомды бейбіт мақсатқа қолданудағы жетістіктерін еселей түсеріне сенім мол. 

Осылайша қазақстандық материалтану токамагын салу жобасы аяқталып, жаңа кезең – омдық жұмыс режимінде разрядтың жобалық параметрлеріне шығару кезеңі басталды. Яғни термоядролық синтезге бағытталған технологияларды игеруге жол ашылды деген сөз.

Эрлан Батырбеков, ҚР ҰЯО бас директоры:

- 2019 жыл сөзсіз Ұлттық ядролық орталық тарихында айтулы жыл болды деуге әбден болады. Көптеген жобаымыз жүзеге сәтті асып, қаржылай табыстарымыз да молая түсті. Әлемде теңдесі жоқ ТОКАМАК қондырғысын екінші мәрте іске қосуымыз – отандық ғылым үшін зор жетістік.

Қазірдің өзінде қазақстандық ТОКАМАК-ті бірлесіп пайдалану жөнінде ТМД-ның 6 мемлекетімен келісімге қол қойылған. Ал Испания, Италия және Ұлыбритания елдері ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті.

Болат Көкенайұлы, тілші:

– Ғылыми орталық өзінің басты ұстанымы етіп «Ұлттық қасіреттен – ұлттық мақтанышқа!» деген ұранды ұстанып келе жатыр. 27 жылдың ішінде мұнда орасан зор жұмыстар атқарылды. Енді орталық мамандары ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай бұрынғы Семей полигонының аумағын зерттеу жұмыстарын толық аяқтауды жоспарлап отыр. Ал қауіпсіздік талаптарын күшейту мақсатында арнайы заң жобасы да дайындалып жатыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы