418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында әлеуметтік салаға 76 миллиард теңге қарастырылған

  • 1247
  • UPD: 11:18, 04.01.2020

Павлодар облысында әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы көлемі жыл санап артып келеді.

Жуырда өңірдің алдағы үш жылға арналған бюджеті бекітілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған сәйкес әлеуметтік жобаларға бағытталған қаражат 47-ден 53%-ке өскен.

Павлодар облысында әлеуметтік салаға 76 миллиард теңге қарастырылған. Бұл қаржы бірқатар маңызды мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып, әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталады. Бюджет қаржысының ең көп мөлшері, яғни 20 миллиард теңге білім беру саласына бөлінген. Биыл аймақтың 111 білім ошағы «Назарбаев зияткерлік мектебі» стандартына сай келетін оқушылар жиһазымен қамтамасыз етілді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыру бастамасын көтерді.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

Жақын арада мен ата-аналармен кездестім. Осы мәселені біз талқыладық, қалай болып жатыр жағдай деп. Сондықтан біз әр мектептен келген ата-аналарды естіп, балалардың жағдайын естіп, осындай шешімге келдік. Тегін тамақтандыру 1-4 сыныпқа дейін. Оны біз шештік. Қосымша 2 млрд теңге бөлдік.

Жалпы Павлодар облысында мұндай тәжірибені бірінші болып фермерлік шаруашылықтар қолға алған. Ірі шаруа қожалықтары мектеп оқушыларын тегін аспен қамтиды. Студенттерге де көп көңіл бөлінген. Білім беру министрлігімен жасалған жаңа бағдарламаға сәйкес 500 орындық екі жатақхана жоғары оқу орындарының жанынан бой көтереді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы да табысты жүзеге асып жатыр.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

Жалпы биылғы жылдан «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы басталды. Бізге 1 миллиард 400 миллион теңге қаражат бөлінді. Біз оны 4 ауданға бөлдік. Орталыққа, ауданның орталығына. Күрделі жөндеуден балабақшаларды, ауруханаларды, мәдениет үйлерін, жолды, ішкі шамдарды жөндедік. Халық оны жақсы қабылдады. Республикдан келген 1 миллиард 400 миллион ғана емес біз облыстын 1 милиард теңге қосымша қаражат қостық.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыста 25 жоба жүзеге асқан. Мәселен, Тереңкөл ауданында балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің стадионы жаңартылды. Жолдарға асфальт төселді. Ал, аудан орталығында жаңа мектеп-интернаты пайда болды.

Евгения Мартыненко, Тереңкөл ауылындағы №2 мектептің директоры:

- Бұл жерде шалғай ауылдардан келген жоғары сынып оқушылары жататын болды. Мектеп бітіретін түлектердің емтиханға, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына жағдай жасалады. Аудан орталығында балаларды қосымша біліммен қамтуға мүмкіндік туды. Оқушылар үйі, музыкалық мектеп, спорт мектебі, стадиондар бар. Балалардың білім алып, демалуына да барынша мүмкіндіктер қарастырылған.

Павлодар облысында табысты жүзеге асқан тағы бір жоба – «Nurly Ertis» бағдарламасы. Өндіріс ошақтары көп шоғырланған өңірде жұмыс қолы тапшы. Мәселен 25 мыңдай вакансия болса, оның 10 мыңы тұрақты жұмыс орны екен. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аймақ басшысы көп балалы отбастарын Нұр-Сұлтан қаласынан және еліміздің оңтүстік өңірлерінен көшіріп алуға шешім қабылдады. Жарты жылда Екібастұз қаласына 250 отбасы қоныс аударды.

Болат Бақауов, облыс әкімі:

Бұл бағдарлама жалғасын табады. Алдымыздағы жылы республикалық бюджеттен 8,1 миллиард теңге қарастырылып отыр. Ол қаржыға 20 үйдің құрылысы басталады. Құрылыс ауылдық жерлерді де қамтиды.

Павлодар облысында 2019 жылы 300 мың шаршы метр баспана салынып, қолданысқа берілді. Ақсу қаласында 30 жылдай бос қалған көп қабатты үйлер қалпына келтірілді. Жаңа жылдан бастап облыста тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мен қоғамдық көлік қызметін қадағалайтын жаңа 109 арнайы қызметі іске қосылады. Соңғы жылдары автобус пен трамвай паркін жаңартуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазірдің өзінде қала көшелерінен экологиялық таза көліктерді көптеп кездестіруге болады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омльницкий

Хабар 24 телеарнасы