426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбылдықтар алысқа сабылмай, өз ауылдарында емделе алады

  • 629
  • UPD: 14:26, 05.01.2020

Жамбыл облысында биыл 65 медициналық нысан ел игілігіне берілді, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Осының арқасында өңірдегі барлық ауыл, елді мекендер 100 процент алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету мекемелерімен қамтылып отыр. Жаңадан ашылған амбулаториялар – әсіресе шалғай жатқан ауыл тұрғындары үшін зор қуаныш. Енді олар алысқа сабылмай, өз ауылдарында емделе алады.

Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылының тұрғындары ерекше қуанып жүр. Бұған дейін жергілікті жұрт ескі әрі тар ғимаратта ем қабылдап келген. Тіпті кейбір жағдайда аудан, облыс орталығына қатынауға мәжбүр болатын.

Дүйсекүл Бекпанова, Жақсылық ауылының тұрғыны:

– Луговойға сандалып, барып-келген де оңай емес. Өзімнің денсаулығым жоқ. Бұл жер ыңғайлы өзіме. Ауылдың іші, жолдың бойы. Жаңадан ашылып жатыр. Өзіміз қуанып жатырмыз.

Ұлбосын Иімбекова, Көкдөнен ауылының тұрғыны:

– Жаңа. Жарық. Ыңғайлы да. Және жолдың бойы. Барлығы бір жерде орналасқан. Сол жағы ыңғайлы.

Жаңа амбулаторияда Жақсылық пен Көкдөнен ауылдарының 4 мыңға жуық халқына қызмет көрсетіледі. Мұнда бірден 15 келушіні қабылдауға мүмкіндік бар. Толықтай заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жарақтандырылған. Биыл ауданда жалпы құны 178 миллион теңгеге 9 амбулатория бой көтерді.

Гүлзат Үкібаева, Тұрар Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігерінің орынбасары:

– Ауданымызда мамандарымыз бұрын ыңғайластырылған ғимараттарда қызмет жасап жатқан болатын. Былтырғы жылы берілген 5 дәрігерлік амбулатория мен биылғы 9 нысанымыз сол қажеттіліктердің орнын толтырды. Скринингтердің барлық түрлері ауылдық жерлерде көрсетіле береді. Электрокардиограф аппараттарымен қамтылған. Сондықтан өздері электрокардиограммаға түсіріп, жедел коронарлы синдромды өздері анықтай беруге мүмкіншіліктері бар.

Екі жыл бұрын облыста талдау жүргізіліп, 95 санитарлық көмек көрсету нысанға қажеттілік анықталған. Мәселені шешу үшін арнайы жол картасы әзірленді. Аймақта үнемделген смета мен жекеменшік әріптестік қағидаларын қолдану нәтижесінде құрылысқа жұмсалатын қаражат екі есеге дейін үнемделді. 6 миллиард 200 миллион теңгеге салынуы тиіс нысандар, 3 миллиард теңге тұрғызылды. Осының арқасында алғашқы санитарлық көмек қолжетімді бола түсті.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы