378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында жолды қардан тазаламаған басшылар жазаланды

  • 118
  • UPD: 08:21, 06.01.2020

Қарағанды облысы аумағындағы республикалық маңызы бар жолдарды дер кезінде қардан тазаламаған бірқатар коммуналдық мекеме басшылары жауапқа тартылды. Өз ісіне салғырт қараған қызметкерлер енді 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл төлейді. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Әлеуметтік желіні шарлап кеткен мына бейнежазба жаңа жылдың алғашқы күні түсірілген. Қарағанды – Нұр-Сұлтан бағытындағы күрежол жабылып, салдарынан бірнеше шақырымға созылған көлік кептілісі пайда болады. Бұл келеңсіз жағдай коммуналдық мекеме басшыларының салғырттығынан туындап отыр,-дейді көлік жүргізушілері. 

Қайыргелді Төлеуұлы, көлік жүргізушісі:

- Бір сутка баламен жолда жаттық, 300 машина тұрды сол жерде. Ең аяғы дачаға дейін жетті. Таңертең 12-де ғана босатты бізді, оның өзінде партия-партиямен. Себебі жол жабық дейді. Бірақ жол тап-таза, күрелмеген просто, әр жерде перемет. 

Айбатыр Сүйіндіков, көлік жүргізушісі:

- Жолды уақытылы тазаламайды. Біз не үшін ақша төлейміз онда ол жолға. Келіп терминалға айтамыз, олар құлақ аспайды. Техника жібердік дейді, на самом деле техника көрмейміз жолда. Сол үшін жол жабылады. Если платный болса, техника күні-түні жүру керек қой. 

Жолаушылардың наразылығынан соң, тексеріс жүргізген тәртіп сақшылары шынымен де жолдың кейбір тұстары қардан аршылмағанын анықтады. Осылайша төрт бірдей коммуналдық мекеме басшысына айыппұл салды.   

Жаңатай Сембеков, облыстық ПД баспасөз қызметінің басшысы:

- Жолдарды күтіп ұстау ережелерінің талаптарын орындамағаны үшін, көлік құралдарының қауіпсіз және үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етпегені үшін Қарағанды облысы полиция департаменті қызметкерлерімен осы жол учаскелеріне жауапты мекеме басшылары тиісті жауапкершілікке тартылды. 

Қазір Қарағанды өңіріндегі республикалық маңызы бар жолдарды қардан тазалау және басқа да жұмыстарға барлығы 195 техника жұмылдырылған. Бірақ бұл жеткіліксіз. Оның үстіне биыл өңірге қар қалың түскен. Дегенмен, келісім-шарт талаптарын орындамаған, яғни, жол тазалығын қамтамасыз етпеген жауапты мекемелер жазасыз қалмайды, - дейді «Қазавтожол» ұлттық компаниясының өкілдері. 

Сырым Хамзин, «Қазавтожол» ҰК АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

- Мекемелердің арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжат ол келісім-шарт. Сол келісім-шартта көрсетілген талаптар бойынша ықпал ету шаралары қолданылады. 

Өкінішке орай, қазіргі таңда қалаішілік жолдардың да жағдайы мәз емес. Қалың қардан аяқ алып жүре алмайсың. Ал абаттандыру ережесіне сәйкес, ақұлпа жауған соң, 3 күн ішінде аршылуы тиіс екен. 

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Желтоқсан айының соңғы күндері жауған қалың қардан қаланың кейбір көшелері әлі тазаланған жоқ. Бұған жауапты коммуналдық қызмет тек орталық көшелерді ақұлпадан аршып жатыр. Бір қызығы, айыппұл арқалағандардың арасында бұл мекеме жоқ.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Василий Савкин

Хабар 24 телеарнасы