381,10 419,30 5,69

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада 15 мыңнан астам көп балалы отбасы мемлекеттік жәрдемақыға ие болды

  • 206
  • UPD: 13:36, 06.01.2020
Елордада 15 мыңнан астам көп балалы отбасы мемлекеттік жәрдемақыға ие болды

Биыл 1 қаңтардан бастап 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы енгізілді.

Қазіргі жағдай бойынша елордалық 15 мыңнан астам отбасы аталмыш жәрдемақыға ие болып отыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына көрсетілетін көмектің жаңа форматына сәйкес, жәрдемақы көп балалы отбасыларға табысына қарамастан отбасындағы балалар санына қарай сараланған мөлшерде төленеді.

Атап айтқанда, 4 балаға – 42 496 теңге, 5 балаға – 53 127 теңге, 6 балаға – 63 757 теңге,7 және одан көп балаға – 74 388 теңге. Көп балалы отбасыларға мемлекеттік жәрдемақыға өтініш беру үшін құжаттарды Есіл, Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарының Халыққа қызмет көрсету орталықтарына өткізу қажет. Қазіргі кездегі жағдай бойынша бұрын арнайы мемлекеттік жәрдемақы алған 10 266 көпбалалы отбасыға төлемдер автоматтандырылды. Ал 2018-2019 жылдары туылған 4 және одан да көп баласы бар 5 075 отбасыға мемлекеттік жәрдемақы қайта тағайындалды. Егер отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен болса немесе ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70% -ы болса, азаматтар атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алатындығын айта кеткен жөн. Естеріңізге салсақ, 2020 жылдың 1 тоқсанындағы ең төменгі күнкөріс деңгейі – 34 654 теңге, кедейлік шегі – 24 258 теңгені құрайды.

Хабар 24 телеарнасы