376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордадағы «Family town» шағын ауданында бір аптадан бері интернет жоқ

  • 105
  • UPD: 20:09, 06.01.2020

Тұрғындардың басым бөлігі осындай тосын жағдайға тап болған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ұялы телефонмен тілдескісі келгендер қала орталығына шығады.

Мәселенің туындауына не себеп болды? Ұялы байланыс операторларының қызметі неліктен істен шықты?

Қаладағы бұл аудан тұрғындары соңғы бір аптадан бері елдегі ұялы байланыс операторларына наразы. Жаңа жыл күнінен бастап басым бөлігі интернеттен қол үзген. «Ұялы телефонмен қоңырау шалудың өзі мұң», - дейді олар. Арадағы кикілжіңге осындағы 6 үйдің шатырына орнатылған антенналар себеп болған. Тұрғындар байланыс қондырғылары талапқа сай жерде тұрмағандықтан, денсаулығымызға қандай да бір залалы тие ме деп қорқады. 

Аслан Құсетов, қала тұрғыны:

– Антенналар шатырға орнатылды. Негізгі талап бойынша мачталар қойылып, соның төбесіне орнатылуы тиіс еді. Ал бұл оларға қосымша шығын саналды. Біз дау шығарып, арыз-шағым білдірген соң алдырып тастады. Бар кінәні пәтер иелері кооперативіне арта салды. Қолымыздан келетіні тек шатырға қою деді.

Тараптардың бітімге келуі қиынға соқты. Ұялы байланыс операторлары тұрғындардың шағымына құлақ аспай, ақыры антенналарын алып тастады. Бүтіндей бір аудан ұялы байланыс қызметінсіз қалды. 

Сергей Суслов, отандық ұялы байланыс операторы құрылыс қызметінің директоры:

– Кей азаматтардың ұялы телефоны үй ішінде жұмыс істемей, далаға шығуға тура келеді. Демек біз секілді байланыс операторларының сапасыз қызметін пайдалануға мәжбүр. Егер қызметте еш кінәрат болмаса, онда сізден кем дегенде 300 метр жерде осындай антенна тұр деген сөз. Станция сізге қаншалықты жақын болса, телефоныңыздың қуаты соншалықты аз шығындалады. Керісінше антенна мүлде жоқ болса, телефоныңыз екі есе қуатпен жұмыс істеп, оны құлағыңызға әкелген кезде зияны ұлғая түседі.

Мәселенің мәнісін білмекке тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментіне бардық. Мамандардың сөзінше, қалада мұндай мың жарымға тарта антенна бар. Бірі тұрғын үйлердің, енді бірі мекемелердің шатырында тұр. Кей қондырғылар арнайы антенна діңгектеріне орнатылған. Ұялы байланыс операторлары қызметін жүзеге асырмас бұрын ең алдымен осы мекеменің рұқсатын алуы тиіс. Ал «Family town мекенжайындағы жағдайға байланысты мұндағылар әзірге жауап беруден қаймығып отыр.

Сархат Бейсенова, қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының м.а:

– Радиотаратушы антенналар тек электромагнитті сәуле бөледі. Онкологиялық, аллергиялық, тері ауруларына себеп болмайды. Бронха астмасының қозуына да түрткі емес. Алайда электромагнитті сәулелер жүйке және жүрек қан тамырлары жүйесіне әсер етуі мүмкін. Сондықтан антенналар жерден 70 метр биіктікте тұруы тиіс.

Мәселені шешіп беруге әкімдік те әзірге асығар емес. «Антенналарға қажетті бөлек темір құрылғыларды орнатып беруге уәде еткен», - дейді тұрғындар. Алайда мерзімін алдағы көктем айларына белгілепті. Ал халық сол уақытқа дейін ұялы байланыс қызметінсіз отырғысы келмейді.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Ғани Алшынбаев

Хабар 24 телеарнасы