425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қостанай облысындағы бүтін бір ауыл Ресейдің ұялы байланысына тәуелді болып отыр

  • 698
  • UPD: 20:17, 06.01.2020

Қостанай облысындағы Приречный ауылы Ресейдің ұялы байланысына тәуелді болып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі мұнда қазақстандық операторлар қызмет көрсетпейді. Тұрғындар телефондарын ресейлік нөмірді салып қана пайдалана алады. Ал теңгерімді толтыру үшін теңгені рубльге айырбастап, шекара асуға мәжбүр. 

Приречный – Өрнек ауылдық округінің орталығы. Әкімшілік аумаққа төрт елді мекен қарайды. Оның біреуінде ұялы байланыс атымен жоқ. Қалғаны ресейлік операторлардың қызметіне байланған.

Серік Қостанов, Приречный ауылының тұрғыны:

– Тек ауылдың ішінде пайдалана аламыз. Ал Қостанай, Қарабалық жаққа шығуға келмейді. Ақшамыз кетіп қалады, роуминг шығады. Бүкіл ақшамызды шоттан қағып алады.

Тұрғындар телефондағы теңгерімді толтыру үшін теңгені рубльге айырбастап, шекаралас Варна қаласына жиі барады. Аудан орталығынан гөрі көрші қала қатынасқа да қолайлы екен.

Нұрғали Сафин, Приречный ауылының тұрғыны:

– Олардікі асфальт. Теп-тегіс. Ал біздегі жол сын көтермейді. Дұрыс қарамадың ба, доңғалағың жарылып қалады.

Жалпы Өрнек ауылдық округі тірек ауылдардың қатарына кірмегендіктен, орталық су желісі, табиғи газдан құр қалған. Ал ұялы байланыстың орнатылмауын операторлар бастапқыда абоненттердің аздығымен түсіндірген.

Оразхан Қалдаманов, Өрнек ауылдық округінің әкімі:

– Былтырдан бастап оларға жаңадан 500 адамнан кем болмасын деген тәртіп шықты. Бізде 700 адам. 2020-2021 жылы бұл мәселе шешіледі деп жатыр. Соны күтеміз.

Әкімнің айтуынша, соңғы бес жылда ауылдағы халықтың саны 50 адамға азайған. Қазір орта мектепте 63 бала оқиды. Жағдай дұрысталмаса, бұл көрсеткіш кеми беруі мүмкін.

Авторлары: Данияр Сұлтан, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы