376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысының кейбір ауылдары ұялы байланыстан тыс қалған

  • 108
  • UPD: 23:17, 06.01.2020

Павлодар облысының шалғайда жатқан кейбір ауылдары да ұялы байланыстан тыс қалып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Ресеймен шекаралас орналасқан Ертіс ауданының  4 елді мекені солардың қатарында.

Ленин ауылының іргесі өткен ғасырдың ортасында қаланған екен. Астықты мекенде тұрғындардың саны 2 мыңнан асатын. Бүгінгі таңда көрші Амангелді мен Ленин ауылын қосқанда 600-ге жетер-жетпес адам қалған. Ал ұялы байланыс операторлары абонент саны аз ауылдармен жұмыс істеуге құлықсыз.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

– Біз Ленин ауылына келіп тоқтадық. Дәл осы жерден үш шақырымда Ресей Федерациясы жатыр. Ал артта 15 шақырымда Ағашорын ауылы қалады. Осы жерде байланыс та үзіледі екен.

Ленин ауылының болашағы жоқ деуге болмайды. Мұнда он шақты шаруа қожалығы орналасқан. 400 орындық үлкен мектепте 35 оқушы ғана оқиды. Шағын орталыққа 12 бала барады. Білім ошағы ғаламтор желісіне қосылған. Электрондық құжат айналымы мен электрондық күнделік енгізіліпті. Компьютер сыныбы да бар. Тек ұялы байланысқа қол жеткізе алмай келеді.

Сандуғаш Абигузина, Ленин ауылы мектебінің оқу ісінің меңгерушісі:

– Байланыс жоқ. Біз телефонмен терезенің алдында сөйлесеміз.

Көрші Ағашорын ауылында ұялы байланыс бар. Мұғалімдер екінші қабаттағы терезенің алдында тұрып сөйлесе алады. Ал егер қарсы жақтағы терезеге шықса, онда Ресейдің байланысы іске қосылады екен.

Сандуғаш Абигузина, Ленин ауылы мектебінің оқу ісінің меңгерушісі:

– Телефонды, роумингті өшірмесек, бірлік Ресейдің байланысымен кетеді. Ал бірінші қабатта байланыс ұстамайды. Біз екінші қабатқа кіреміз. Үйде болсақ, әйнекке шығамыз. Енді не істейміз. Байланыс керек. Өйткені жұмыста да, үйде де осы телефон байланыс арқылы төлем жасау, осы смс керек.

Ұялы байланыстың жоқтығы жыл сайын әкімдердің есептік кездесуінде көтеріледі. Тұрғындар ғаламтор желісі арқылы ақпарат алмасуға әбден үйренген. Бірақ үйден ұзап шыққанда оны қолдана алмайды. Сондықтан ауыл тұрғындарының көпшілігі Ресейдің байланысын қолдануға мәжбүр.

Татьяна Соловьёва, Ленин ауылының тұрғыны:

– Бізге ұялы телефон байланысы керек. Мұны барлық ауыл тұрғындары айтып жүр. Біз қаладағыдай үйде отырып, жайбарақат сөйлесе алмаймыз. Үйден далаға шығып, байланысты іздеп жүргеніміз. Ауыл ішінде қарапайым телефонды қолданамыз.

Бұл ауылда ұялы байланыстың тұрақсыздығы өз алдына, ғаламтор желісінің де жылдамдығы өте төмен. Әкімдік толық электрондық құжат айналымына көшкен. Бірақ шұғыл жөнелтілетін құжаттарды жіберуге жарты күн кетеді. Бұл қазір аудан көлемінде шешіліп жатқан мәселе. Ұялы байланыс операторлары өздерінің құрал-жабдықтарын орналастыратын қолайлы орын іздеу үстінде.

Төлеш Бекбауов, Ертіс аудандық экономиканың нақты секторы бөлімінің жетекшісі:

– Аудан орталығындағы ең биік ғимарат – элеватор бар. Сол элеваторға kcell операторының құрал-жабдықтарын орналастыру керек. Сол үшін элеватордың басшылығымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Егер ол жағдай шешілетін болса, онда биылғы күзге дейін немесе жаздың ортасында осы төрт ауылдағы ұялы байланыс мәселесі шешіледі деп ойлаймын.

Ертіс ауданында 27 елді мекен бар. 2018 жылдан бастап Ленин ауылы арқылы өтетін автокөлік жолы республикалық маңызға ие болды. Болашақта талшықты-оптикалық байланыс желісін іске қосу жағы да қарастырылып жатыр. Бұл мәселе жүзеге асса, интернет желісінің жылдамдығы артады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы