375,91 420,09 6.11
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бурабайда ұялы байланыс сапасы жақсарады

  • 98
  • UPD: 21:57, 06.01.2020
Бурабайда ұялы байланыс сапасы жақсарады

Курортты аймаққа демалысқа барып, хат-хабарсыз қалған қолданушылар үшін жағымды жаңалық, деп хабарлайды «Хабар 24».

Себебі бұған дейін көрікті өлкенің көптеген жерінде байланыс өте нашар болатын. Тіпті кей тұстарда желі мүлдем жоқ еді. Осыған орай туризм саласының мамандары тиісті министрлікпен бірігіп, кешенді жоспар әзірлепті. Ол бойынша Бурабай курортты аймағында 11 антенна орнату жоспарланған. Олардың 9-ы өткен жылы Қатаркөл, Сарыбұлақ, Ақылбай және Бурабай ауылына, сондай-ақ Көкшетау-Щучинск тасжолының бойы мен бірнеше демалыс орталығының аумағына орнатылды. Енді оларды операторға толықтай қосу ғана қалыпты. Ал қалған екеуі қаңтар айының соңына дейін желі нашар ұстайтын жерлерге қойылады, - дейді мамандар. Осылайша, Щучье-Бурабай курортты аймағы сапалы ұялы байланыспен толық қамтылмақ.

Ерназар Құттығожин, облыстық туризм басқармасының бас маманы:

– Сонымен қатар келешекте Ақбура курортына да антенна орнату жоспарда бар. Бұл – жаңадан салынып жатқан туристік аймақ. Аталған іс-шаралардың барлығы ұялы байланыс сапасын жақсартып, туристердің көңілінен шығады деген ойдамыз.

Хабар 24 телеарнасы