378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Биыл елордада апатты үйлерде тұрып жатқан 149 отбасы жаңа пәтерлерге көшіріледі

  • 121
  • UPD: 11:01, 07.01.2020

Биыл елордада бірқатар апатты үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге ие болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Нақтырақ айтсақ, 149 отбасы қабырғасы қақырап, құлаудың алдында тұрған ескі баспанадан жаңасына көшеді. Ал апатты жағдайдағы үйлер қашан сүріледі?

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Янушкевич көшесіндегі бұл бес қабатты тұрғын үй сонау 1962 жылы салыныпты. Жылыту жүйесі, жарықтандыру сияқты өркениет белгілерін айтпағанда бұл үйдің тұрғындарының күнделікті жуынуы да қиын. Ортақ бөлмеде өз кезектерін күтуге мәжбүр. Жуырда жергілікті әкімдік жөндеу жұмыстарын жүргізіпті. Алайда, тұрғындардың бар қажеттілігі өтелмеген.

Светлана Қасымова, қала тұрғыны:

- Жуынатын бөлме мен дәретхана жоқ. Мен өзім екінші топтағы мүгедекпін. Жүріп-тұруым қиын. Зейнет жасына жеткен соң жайлы пәтерде тұрсам деймін.

Биыл Янушкевич көшесіндегі жатақхана тәріздес бұл үй сүріліп, жыл соңына дейін 149 отбасы жаңа пәтерлерге көшірілмек. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қазір жаңа баспана салатын мердігерді анықтайтын конкурстық жұмыстар жүргізіліп жатқан көрінеді. Жалпы елордада «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында апатты жағдайдағы және ескірген нысандарды сүруді қарастыратын пилоттық жоба қолға алынды. Құжат бойынша Қарталы көшесіндегі №140 үй де бұзылмақ.

Бақтыгүл Иманғалиева, қала тұрғыны:

- Былтыр пилоттық жоба аясында 16 үй сүріліпті. Бұл – шамамен 200-ге жуық пәтер. Бағдарлама 2022 жылға дейін жоспарланса да, әрі қарай жалғасуы мүмкін дейді әкімдік өкілдері.

Жан Мырзағали, қалалық құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасы басшысының орынбасары:

- Екінші пилоттық жобаны аяқтау үшін 15 үйдің тұрғындарын көшіру қалды. Биыл біреуін, келесі жылы тағы бір жатақхананы сүреміз. Ал 2022 жылы 13 үйдің тұрғындары жаңа пәтерлерге ие болады. Бағдарлама әрі қарай жалғасуы ықтимал, себебі қала дамып жатыр.

Айтпақшы, жазда біздің түсірілім тобының назарына ілінген бұл екі қабатты ескі үй қазір қаңырап бос тұр. Бір кездегі ондағы пәтерлерге иелік еткендер енді жаңа тұрғын үй кешендерінің тұрғындарына айналды.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Әділғазы Төлеміс, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы