377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Қазақстанның 100 жаңа есімі». Қуандық Қанатов

  • 122
  • UPD: 14:12, 07.01.2020

Ауылдағы қарапайым ғана отбасында тәрбиеленген Қуандық Қанатовты бүгінде күллі қазақ елі таниды, деп хабарлайды «Хабар 24».

«100 жаңа есім» жобасына қатысқан «Шығыс» өңірлік қолбасшылығында қызмет ететін ефрейторға 23 мың адам дауыс беріп, жеңімпаз атанған еді. Бейбіт күннің батыры былтыр Семейдегі жатақханалардың бірінде шыққан өрт кезінде құтқарушылар келгенше 15 адамды қауіпсіз жерге шығарып үлгерген.

Түнгі сағат 02:00-де бес қабатты жатақханада өрт шыққанда Қуандық шырт ұйқыда жатыр еді. Жұбайы оятқанда ол газдан қорғағыш құралын киіп алып, төменгі қабаттағы жағдайды көріп келеді. Дәлізде қара түтін қоюланып барады екен. Құтқарушылар жеткенше қарап тұруға болмайды. Алдымен бала-шағасын қауіпсіз жерге көшіріп, қайтадан өртенген ғимаратқа енген ол дәрменсіз қарияларды бірінен кейін бірін сыртқа шығара бастайды.

Күләш Сүбебаева, жатақхана тұрғыны:

- Сол 4 баламмен өзіміз үшеуімізді, 7 адамды Қуандық ең бірінші бізді алып шығарды. Рахмет қарғам, бізді шығарғаныңа! Жастығың ғой сенің, қанша айтқанмен, білімділігің бар екен. Әйтпесе, өртеніп кетуші едік, қарағым, бала-шағаңның қызығын гөр!

Валентина Байзель, жатақхана тұрғыны:

- Сол оқиға әлі күнге есімнен шықпай қойды, тіпті көзіме жас келеді. Қуандық деген азамат бәріміздің есігімізді қағып, жанұшыра көмектесті. Бізді тіпті танымаса да, өз туысындай көріп, жанашырлықпен көк түтіннен алып шықты. Біз оған ризамыз, бақыт пен денсаулық тілейміз!

Осы ерлігі үшін Қуандық Президент қолынан «Ерлігі үшін» медалін алды. Ал Қазақстан халқы «100 жаңа есім» жобасында қызу қолдау білдіріп, жеңімпаз атанды. Ұяң мінезді жігіт кез келген Отанын шын сүйетін азамат сын сағатта осындай батыл шешім қабылдайтынына сенімді.

Асан Жүсіпов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы:

- Ол өз өмірі мен отбасын ойламастан, жанұшыра көмек сұраған тұрғындарға тұра ұмтылды. Жағдай өте күрделі болатын. Алайда Қуандық батыл да дұрыс шешім қабылдай білді. Мұның бәрі оның кәсіби жағынан да адамгершілік жағынан да мықтылығы деп білеміз. Ол біздің мақтанышымыз!

Қуандық Қанатов, әскери қызметші:

- Біз кішкентай кезімізден Шыңқожа батыр туралы аңыз әңгімелерді көп еститінбіз. Ол кісі бізді сыртқы жаулардан қорғаған. Қазір де бейбіт күнде ерлік жасауға болады. «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанғаныма қуаныштымын. Ол маған қосымша жауапкершілік жүктейді. Көптеген адам дауыс берді. 23 мыңнан астам дауыс жинадым. Маған қолдау көрсетіп, сенім артқан халқыма рахметімді айтамын!

Қуандықты бала кезінен ата-анасы елді сүйіп, қашанда жан-жағына қамқор болуға тәрбиеледі. Ал «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ефрейтор ерлігін кеңінен дәріптеу үшін жас сарбаздар арасында батырмен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Хабар 24 телеарнасы