411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Атырауда суға кеткен жеткіншек қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырып кетті

  • 526
  • UPD: 20:25, 07.01.2020

Атырауда суға кеткен жеткіншек Жалғас Баженовтің қазасы көпшіліктің қабырғасын қайыстырып кетті. Кешқұрым уақытта Жайық өзенінен өтпек болған 4 бала мұз ойылып кетіп, суға құлаған. Жедел жеткен полицейлер мен құтқарушылар 12 және 15 жас аралығындағы үш жасөспірімді ажалдан арашалап қалды. Соңғысын іздеу шаралары бір күнге созылды. Өкінішке қарай, кәмелетке толмаған ауыл тұрғынының мәйіті мұз астынан табылды.

«Ақсай» ауылындағы номері 25-мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Жалғас Бозжанов болашағынан үміт күтірген қабілетті спортшы болатын. Қазақша күрестен облыстық, республикалық жарыстарда топ жарып жүрген бозбала ауылдың емес, елдің айтулы палуаны болар ма еді...

Нұрсұлтан Қопашев, жалғастың жаттықтырушысы:

- Жалғас деген шәкіртім, оқушым. Аз ғана уақыттың ішінде жақсы нәтиже көрестті. Облыс бойынша, республикалық біріншіліктерде де. Күні кеше Павлодарда, Екібастұз қаласында жақсы күресіп, жақсы жетістіктерге жеткен.

Қаңтардың сол тұманды күні болған оқыс оқиға кімнің де болса, жанын түршіктіргендей. Мына кадрлар тәртіп сақшыларының бейне жазбасына түсіп қалған. Полиция қызметкерлерінің қырағылығы мен жедел әрекеті арқасында 3 бала құтқарылды. Олар әлі де дәрігерлердің бақылауында.

Мүбәрәк Сәрсенов, облыстық балалар ауруханасының дәрігері:

- Қазіргі таңда бұл балалардың жағдайы келген күнге ақарағанда әлдеқайда жақсы. Амандық болса, осы бір-екі күнде ауруханадан үйіне шығарамыз. Қазір өздері тұрып жүреді. Ұйқысы, тамақ ішулері. Жүріс-тұрысы бір қалыпты.

Биыл мұнайлы өңірде қыс қаһарына мінген жоқ. Қар түспеді, аяздың да ауылы алыс секілді. Жылда бұл кезде сіреу боп қататын мұз қалыңдығы кісі көтермейді. Соған қарамастан балалар қабыршақтай мұз бетінде алаңсыз сайран салған.

Ершат Қибашев, облыстық ТЖД жедел құтқару жасағының басшысы:

- Қазір мезгілде бізде мұздың қалыңдығы 5-6 см құрайды. Оның үстіне теріс ағын, промайна дейміз судың беті ашық жерлерде бар мұз үстінде. Сол себептен мұзбен өтуге тыйым салынады.

Қысқы демалыс кезінде қызық қуған балалардың өзен жағалайтыны жасырын емес. Осы оқыс оқиғадан кейін Жайық өзенінің екі бетіне арнайы белгілер қойылып, тәртіп сақшылары кезекшілікке шықты.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы