376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы маңындағы Іле Алатауынан былтыр 97 адам құтқарылды

  • 112
  • UPD: 20:32, 07.01.2020

Алматыда шаңғымен сырғанаудың соңы қайғылы жағдаймен аяқтала жаздады. Екі ер адам балаларымен бірге адасып кетіп, аязды күнде ажал құша жаздады. Құтқарушылар әйтеуір оларды тауып, аман-есен үйлеріне қайтарды. Өкінішке орай, мұндай жағдайлар көбеймесе азаймай отыр. 2019 жылы Алматы маңайындағы Іле Алатауынан 97 адам құтқарылыпты.

Көкжайлауға шанамен сырғанауға барғандардың бірі Николай Зайцев. Қасында төрт жасар ұлы болған. Досы да алты жасар баласын ерте шыққан екен. Олар қайтар жолда шанадан ауып қалғандарын айтады. Оның үстіне күн батып, тұман түседі. Бір жамандықты сезген әйелі құтқарушыларға хабарласады. Адасқандар түнгі 12-ге таман бірақ табылады. Төртеуі де әбден тоңып қалған. 

Николай Зайцев, қала тұрғыны:

- Әлін білмеген әлек демекші тым артық кетіппіз. Абайсызда шанадан ауып қалдық. Бәрі қас қағым сәтте болды. Бірінші мен құладым. Менің құлағанымды көрген досым өзінің ұлын шетке қарай тастап үлгерді. Ал мен үлгере алмадым. Бетіміз аздап сырылды. Ештеңе етпейді. Тез-ақ жазылып кетеді. 

Құтқарушылар былтыр тау басынан 97 адамды алып түсіп, отбасына қайтарғандарын айтады. Мамандардың айтуынша, адасудың басты себебі демалушылардың қарапайым ережелерді білмеуі. Құтқарушылардың жұмысы әсіресе қыстың күні қиындай түседі. 

Айдос Мұхамеджанов, республикалық жедел құтқару тобының бас құтқарушысы:

- Адамдар түстен кейін шығып кетеді тауға. Уақытқа қарамайды. Негізі тауға шығар кезде таңертең ерте шыққан дұрыс. Және де шығатын өзіңнің жолыңды жүретін, барлығын өзіңнің бір жақын адамыңа түсіндіріп айтып кету керек. Ол қауіпсіздік шараларының біріншісі болып есептеледі. 

Егер кәсіби альпинист болмасаңыз биік мақсат қоюдың қажеті жоқ. Түске дейін қай жерге жеттіңіз, сол жерден үйге қайту керек. Қоржыныңызда артық киім мен артық ас-ауқат болғаны абзал. Өйткені түнде адасып кетсеңіз көмегі тиеді. 

Айдос Мұхамеджанов, республикалық жедел құтқару тобының бас құтқарушысы:

- Қыстың күні адам таудың басына шығам дегенше терлейді. Сол терлегеннен кейін соны ауыстыратын жылы киім міндетті түрде алып шығу керек өзімен бірге. Ауыстырмаса тоңып адам өзінің өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Палаткаң болмаса қар қазып қардың астында отыру керек. Бірақ ұйықтамауға тырысу керек. Ұйықтаған адам өліп кетеуі мүмкін.

Іле Алатауында ауа райы жиі құбылып тұрады. Сондықтан тікұшаққа көп үміт артуға болмайды. Көмек жеткенше өз өміріңізге өзіңіз жауапты боласыз. 

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Тау қателікті кешірмейді. Аңдамай басқан бір-ақ қадамыңыз сіздің немесе қасыңыздағы балаларыңыз бен туған-туысқандарыңыздың денсаулығына, тіпті өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан тауға шығар алдында қарапайым қауіпсіздік ережелерін есіңізден шығармаған жөн. 

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы