379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкентте 30 мыңнан астам отбасы АӘК қол жеткізеді

  • 266
  • UPD: 21:50, 07.01.2020

Шымкентте атаулы әлеуметтік көмек алудан 30 мыңнан астам отбасы ниетті. Қазір сала мамандары мемлекеттен көмек алудың жаңа үлгісін халыққа түсіндіруде. Әрі қалада құжат қабылдау науқаны жүруде. Жаңа атаулы әлеуметтік көмек кімдерге тиесілі? Оны алудың тәртібі қандай?

Жанат Тастанбекова жаңа атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін  құжат тапсыруға орталыққа келген. Ол 7 баланың анасы. Қолындағы кенжесі 2 айлық. Отағасының тапқаны отбасы мүшелерін толық қамтымайды. Сондықтан мемлекеттен балалары үшін жәрдемақы алады. Биылғы атаулы әлеуметтік көмектің жаңа үлгісіне де көңіліміз толады, - дейді ол.

Жанат Тастанбекова, көп балалы ана:

 - Атаулы әлеуметтік көмек алуға келдім жаңадан. Алдында алғанбыз. Ешқандай мәселе болған жоқ. Заңды түрде алдық. Осы атаулы әлеуметтік көмекті шығарғанҮкіметке рахмет. Осы арқылы қаншама тірлігімізді жасап алып жатырмыз қазір. Жағдайымызды әжептеуір жасап алдық. Өзіміз квартирада тұрамыз. Үй кезегінде тұрмыз қазір. 

Жанат Тастанбекова секілді шаһарда атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 30 мыңнан астам көп балалы ана бар. Олар жаңа жылдан бері құжатын арқалап орталықта жүр. Мемлекеттік жәрдемақыны тағайындайтын қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының өкілдері биылғы атаулы әлеуметтік көмектің басым бағыты азаматтарды жұмыспен қамту екендігін айтады. Іске жарамды, екі қолға бір күрек ұстай алатын азамат ұсынылған жұмыстан бас тартқан жағдайда, ол 6 айға дейін атаулы әлеуметтік көмекке жүгіне алмайды. 

Жанат Өтебаева, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

 - Бұрын тек бала басына 20 789 теңге алып отыратын болса, енді ол 1 жастан 3 жасқа дейінгі баласына, 3 жастан 6 жасқа дейінгі баласына азық-түлік жиынтығын алады. Гигиеналық құралдарын алады 1-6 жасқа дейін. Сондай-ақ 6-18 жасқа дейінгі балалары болатын болса, күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Жылына бір мәрте мектепке киіндіру, канцелериялық тауарларын алуға қаржы бөлінеді. Сонымен қатар жол жүруге қаржы қарастырылады. 1100 адам бізге жүгінді. Соның ішінде 369 адамның құжатын қабылдап «Е-Халық» арқылы ал қалған 700 ден астам адамға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. 

Қарлығаш Ниязалиева өткен жылы атаулы әлеуметтік көмекті алған. Қолға түскен қаржығы тігін машинасын сатып алыпты. Қазір сонымен күн көріп отыр. Үйдің асыраушысы да өзі. Көпбалалы ана кәсіпкер болуға ниетті. Қазір қысқа мерзімді курсты аяқтап, қайтарымсыз грант алуды ойластырып қойыпты. 

Қарлығаш Ниязалиева,  көп балалы ана:

 - Атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы бар. Әр ананың, әркімнің өз ынтасы болса, істеуге болады. 21 мың теңгемді алып, кәсібімді бастап құрақ құрап қыз жасау жасап жатырмын. Қазақтың ұлттық шапандарын тігуді бастап жатырмын. 

Мамандардың айтуынша, жаңа бағыттағы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін биыл комиссия мүшелерінің құрамы күшейтіледі. Себебі өткен жылы бұл көмекті әл-ауқатты отбасылар да алғандығы белгілі болған. Яғни 271 жанұяға ақшасын қайтару жөнінде хабарлама жіберілген. Биыл бұл олқылықтар қайталанбаса игі. 

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан  Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы