377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


БҚО-да 1140 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

  • 229
  • UPD: 13:18, 08.01.2020

Батыс Қазақстан облысында 1 миллион 750 мың гектар жердің игерілмей жатқаны анықталып, соның 65% мемлекетке қайтарылған, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Сонымен қатар оның 940 мың гектары конкурс арқылы айналымға енгізілді.

Орал өңірі – еліміздің батысындағы ең аграрлы аймақ. Өткен жылы 6 мың тоннадай ет шетке шығарылып, бұл жөнінен Батыс Қазақстанның көш бастауы - сөзіміздің айғағы. Өңір кәсіпорындары өз өнімдерін Армения, Иран, Ресейге жіберуде. Өткізу нарығына жол ашылғаны халыққа да тиімді.

Бақытбек Айтбаев, ет өндеу кешенінің бөлім басшысы:

- 2017 жылы жұмыс бастағанда ең бірінші проблема – қожалықтар мал тапсыру жағынан қиын болған. Малдың күйіне, түріне, түсіне шейін қарайтын болған. Біз оның бәрін шешкендей болдық. Қазір малдың орташа күйі болса, бәрін нарықтық бағамен алып жатырмыз.

Талғат Нұржанов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Бұрын Атырауға барғанда, қаншама шақырым жүріп барасың. Оны өткізе алмай жүресің. Баға біресе түседі, біресе көтеріледі. Тапсырып аласың, тапсырғасын ақшасын ала алмай, тағы жүресің. Бізге осы тиімді.

Ет экспортын еселеп арттыруға өңірдің әлеуеті жеткілікті. Әттеңі, сол мүмкіндіктер пайдаланылмай отыр. Мал басын көбейтіп, қосымша жер сұрап жүрген шаруалар көп. Ал іргедегі бос жерге көз салса, қожайыны табыла кетеді. Иесі болса, ол алқаптар неге игерілмейді? Бұл сауал тек ауылдағы ағайынды емес, өңір басшылығын да толғандыратын боп шықты. Әкімдікте өткен арнайы кеңеске жерін пайдаланбай отырған қожалық басшылары да шақырылды. Олардың аты-жөндерін БАҚ-тың бетіне жариялау тапсырылды.

Мұрат Баетов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Жалғыз мен емес, Жайықтың сол жақ бетіндегі қожалықтардың басты мәселесі суға тіреледі. Судың қиындығына байланысты қазір малды ауылда ұстап отырмыз. Мал басы көптеу болған соң ауыл тұрғындарынан да наразылық туындайды. Су тапшылығы - жердің игерілмеуінің бірінші себебі. Мәселен, бір ғана Ақжайық ауданында Жайықтың сол жағалауындағы 300 мың гектар жайылым бос жатыр.

Қалияр Айтмұхамбетов, Ақжайық ауданының әкімі:

- Басты себебі – Азынабай-Тайпақ суландыру жүйесінің істемеуі. Бұл бағытта облыс басшылығы көп жұмыс атқарды, жоба-сметалық құжаттарды сараптамадан өткізді. Бүгінгі күнге қаражат бөлінген жағдайда, Азынабай-Тайпақ іске қосылса, біздің әлеуметтік-экономикалық потенциалымыз іске асады.

Ауылшаруашылық алқаптары игерілмеуінің тағы бір себебі – жер иелерінің жалқаулығы, немесе айналым қаржысының болмауы. Өңірде бос жатқан 1 миллион 750 мың гектардың 65% ғана мемлекетке алынған. Қалғанын қайтаруға ол жерлердің қағаз бетіндегі қожайындары құлықсыз. Күштеп тартып алуға заң солқылдақ.

Мұхтар Манкеев, облыс әкімінің бірінші орынбасары:

- Әлі анықталмаған жерлер де бар. Өздеріңізге нақты көрсеттік. Ескертпе қағаз береміз. Ресми түрде оны алып, жұмыстарын жасамай жатқандары бар. Екінші тізім бойынша ол ескертпені алмай жатқандары да бар. Ресми түрде қолына бере алмаймыз, қашып жүргендері де бар. Соның бәрін игеріп қайта жұмыс бастайтын болса, қанша жұмыс орындары жаңадан құрылады, қаншама жаңа кәсіпкерлер пайда болады.

Статистика деректеріне сүйенсек, әрбір егістік жердің гектарынан 82 мың теңге пайда түседі екен. Осы санды игерілмей жатқан жердің жалпы аумағына көбейтсе, 2 миллиард жарым теңгені құрамақ. Демек өңір экономикасы жылына осынша қаржыдан қағылып отыр, дейді мамандар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Р. Ғазезов

Хабар 24 телеарнасы