420.79 509.00 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Бақытты отбасы» мыңға жуық отбасыны баспанамен қамтиды

  • 840
  • UPD: 11:18, 08.01.2020

Биыл мыңға жуық ақтөбелік жанұя «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында баспаналы болмақ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Жоспарды жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен қомақты қаржы қаралған. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы нашар отбасыларға тұрғын үй сертификатын бөлу қарастырылып отыр. Бағдарламаны наурыздан бастап іске асыру көзделгенімен, қазірдің өзінде өтініш берушілер баршылық.

«Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысып, тиісті құжаттарын тапсырған Гүлнұр Ержанова басты арманының орындалатынын мүлде ойламаған еді. Себебі бұған дейін қанша талпынғанымен, баспаналы болудың еш сәті түспеген. Сондықтан да үш баласымен бірге ұзақ жыл пәтер жалдап тұруға мәжбүр болды. Ал тапқан табыс отбасының қажеттілігінен артылмайтын. 

Гүлнұр Ержанова, қала тұрғыны:

– Тамызда құжат тапсырып едім. Үш бөлме арманым болды. Қолыма қағаз берді. Өзімнің шаңырағым болады деп армандаймын.

Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасын іске асыру наурыздан бастау көзделіп отыр. Мамандардың айтуынша, құжатта ешқандай өзгеріс жоқ. Былтырғыдай көп балалы, толық емес және мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған. Әрі бағдарламаға қатысқан жанұялардың жағдайына орай тұрғын үй сертификатын беру де көзделген. Өткен жылы бұл мақсатқа ел бойынша 50 млрд теңге бөлінгені белгілі. Ал биыл мамандардың сөзінше, бұл қаражат екі есеге дейін ұлғайды. Сәйкесінше, әр өңірде «Бақытты отбасы» бойынша баспаналы болатындардың саны артады.

Ерлан Рамазанов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының м.а.

– Оларға екі пайызбен 10 млн теңге көлемінде несие беріледі. Және несиені қайтару уақыты 20 жылға есептеліп беріледі. Негізінен бұл қаржы көп сомманы құрамайды. Мысалы, орташа есеппен алғанда, 50 мың теңгедей төлейді. Ең жоғарғы несиені алған жағдайда.

Былтыр қала бойынша 485 отбасы бағдарламаның игілігін көрген. Нәтижесінде, Ақтөбе елдегі «Бақытты отбасын» сәтті іске асырған өңірлердің үздік үштігінің қатарынан көрінді. Ал биыл баспаналы болатындардың саны әлдеқайда өсуі мүмкін дейді мамандар. Себебі тұрғын үй кезегінде тұрған 23 мыңнан астам адамның арасында бағдарлама санатына сәйкес келетіндері аз емес.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы