423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Медициналық сақтандыру қорында жұмыс берушілердің аударымдары есебінен 250 млрд теңге жиналған

  • 466
  • UPD: 21:48, 08.01.2020

Зағира Мажитова 45 жыл құрылыс саласында тер төккен жан.

5 баланың анасы кезінде өндірістік жарақат алыпты. Содан бері денсаулығы жиі сыр беріп жүр екен. Бүгінде дәрігер қарауында болған ол «жаңа жылдан басталған жаңа жүйенің игілігін көріп үлгердім», - дейді.

Зағира Мажитова, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Бұрын бәріне УЗИ-ге де ақша төлейтінбіз, МРТ-ға мен мысалы неше рет түстім, КТ-ға түстім. 14-15 мың теңге болған. Қазір бағдарламаның қолжетімділігі сол, басымды тегін МРТ-ға түсіргеніне өте қуаныштымын.

Бүгінде Қызылорда облысының емханаларында 800 мыңнан астам азамат тіркелген. Олардың 86,6%-і медициналық сақтандырылған. Қалғанының санаты алдағы 3 ай мерзімінде нақыланатын болады. Ал өз-өзін сақтандырушылардың жарнапұл төлеу жолын жеңілдету үшін әр емханаға арнайы терминалдар орнатыла бастады.

Бақыт Исмаханбетов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Қызылорда облысы бойынша филиалының директоры:

- Бұл жүйені 2 рет кейінге шегеруге басты себеп болған контингент – ол өзін өзі жұмыспен қамтып отқан азаматтар болатын. Ол азаматтар үшін мемлекетіміз 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай әлеуметтік жиынтық төлем деген төлем түрін енгізіп қойған. Ол көп ақша емес. Бір минималды есептік көрсеткіш дейміз. 2020 жылға 2615 теңге болып бекітілді. Қалалық жерде тұратындар ай сайын осы АЕК көлемінде ақшасын төлейді. Ауылды жерде тұратындар сол соманың 50%-ін, жартысын төлейді.

Сондай-ақ емханалық, жедел жәрдем, санавиация қызметтері мен әлеуметтік мәні бар науқастардың ем-домы тегін медициналық көмектің кепілді көлемі негізінде көрсетілетін болады. Ал әлеуметтік аз қорғалғандар мемлекет тарапынан қаржыландырылады.

Қуаныш Алмағамбетов, дәрігер-невропатолог:

- Жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімді болғаны. Оған стендтеу, трансплантация жатады. Оған біз емханадан жолдамамен жібереміз. Ол Алматы мен елордадағы ұлттық институттарда жасалады.

Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміз бойынша медициналық сақтандыру қорында жұмыс берушілердің аударымдары есебінен 250 млрд теңге жинақталған. Бұл қомақты қаржы биылдан бастап сақтандыру пакетіндегі қызмет түрлерінің ақысын өтеуге жұмсалады екен.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы