424.86 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Бұдан былай зорлық жасағандар жазадан құтылмайды – ІІМ

  • 659
  • UPD: 22:39, 08.01.2020

Былтыр зорлық жасағандардың тең жартысы жауапкершіліктен құтылып кеткен.

Өзіңіз білесіз, қылмыстық кодексте тараптардың мәмілеге келуіне байланысты істі тоқтату туралы баптар бар. Жаңағылар сол ереже бойынша жазадан сытылған. Осы жағдай қоғамда қызу талқыланып, арты дауға ұласқан еді. Сөйтіп, заңға тиісті өзгерістер енгізіліп, зорлық-зомбылық және жыныстық қылмыс жасағандарға жаза күшейді. Яғни, бұдан былай келісімге келу деген болмайды. Мәселен, 14 жасқа толмаған балаларға қатысты қылмыстар үшін 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе өмір бойы қамау қарастырылған. Бұл жөнінде ІІМ Тергеу комитетінің басшысы Санжар Әділов мәлімдеді.

Санжар Әділов, ІІМ тергеу комитетінің басшысы:

- Бұған дейін зорлық-зомбылық орта ауырлық деңгейіндегі қылмысқа жатқызылып келген. Енді ол ауыр қылмыс түріне ауыстырылды. Ал, балаларға қарсы жасалған мұндай әрекеттер аса ауыр қылмыс ретінде қаралады. Бұған қоса, елімізде зорлаудан кейін мәмілеге келу тәжірибесі мүлде алынып тасталды.

Мас жүргізушілерге қатысты да жаза күшейтілді. Мәселен, ішімдік ішіп, көлік тізгіндеген жүргізуші жол апаты болмаса да, 15 тәулікке қамалады. Сонымен қатар ол жүргізуші куәлігінен 7 жылға дейін айырылады. Қайталанған жағдайда қамау мерзімі 24 тәулікке артады, ал жүргізуші куәлігі 8 жылға жарамсыз болады. Адам өліміне әкелген жағдайда 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Айта кетейік, өткен жылы елімізде мас жүргізушілердің кесірінен 716 адам жарақат алып, 98-і мерт болды.

 

Хабар 24 телеарнасы