378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің жолдарында жол-көлік апаттары көбейді

  • 162
  • UPD: 17:37, 09.01.2020
Еліміздің жолдарында жол-көлік апаттары көбейді ernur.kz

2019 жылы республикалық және халықаралық маңызы бар жолдарда 2547 жол-көлік оқиғасы тіркелген.

Апаттардың салдарынан 1019 адам мерт болып, 4311 адам жарақаттанды, деп хабарлайды ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.

2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2019 жылы ЖКО саны 18,6%-ке артса, апаттан қаза болғандардың саны – 26,3%; жарақат алғандардың саны 22,1%-ке өскен.

Мамандардың айтуынша, жолдарда апаттардың орын алуына негізінен жол қозғалысы ережелерінің сақталмауы себеп болады. Осылайша оқиғалардың 33,6% – жүргізушілердің жылдамдықты асыруынан, 14,1% – көліктердің қарсы қозғалыс жолағына шығуынан, 9,5% – жүргізушілердің көлікті басқара алмай қалуынан, 8% – жүргізушілердің тиісті ара қашықтықты сақтамауынан, 3,6% – көлік басқарушылардың шаршап-шалдығуынан, 3,1%  – жүргізушілердің көлікті мас күйінде басқаруынан, 0,3% – көлік құралдарының ақаулылығынан, 27,8% басқа да себептердің салдарынан орын алады.

Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында болатын ЖКО негізгі түрлеріне көліктердің соқтығысуы (949 ЖКО) жатады. Олардың 56%-ін жол-жөнекей көліктердің соқтығысуы, 30%-ін бір-біріне қарама-қарсы қозғалған көліктердің соқтығысуы, 14%-ін бір көліктің екіншісін бүйір жақтан соғу оқиғалары құрайды.

Халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы көңіл көншітпейтін статистиканы төмендету мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Қазақстанның ІІМ-мен бірлесіп 2020-2022 жылдарға арналған жол қозғалысы қауіпсіздігі деңгейін жоғарылатуға бағытталған Жол картасын әзірледі. Құжат нормативтік-құқықтық актілерді жетілдіруге, жол қозғалысын ұйымдастыруға, ЖКО алдын алуға және жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттауға, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді дамытуға бағытталған 49 шараны қамтиды. Бұдан бөлек жол қозғалысы қауіпсіздігі тұрғысындағы автомобиль жолдары саласының нормативті-техникалық базасын жақсарту бағытындағы шаралар белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Осылайша бүгінгі таңда Қазақстанда «Қателер жасауға мүмкіндік беретін жол» деп аталатын шведтік жүйе енгізілуде. Сонымен қатар жүзден астам нормативті-техникалық құжатқа өзгерістер мен толықтыруларды енгізу көзделген.

Хабар 24 телеарнасы