425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырау облысындағы доссорлық тұрғындар қараусыз қалған қоқыс алаңынан зардап шегуде

  • 491
  • UPD: 22:36, 09.01.2020

Атырау облысына қарасты Доссор кентінің тұрғындары қараусыз қалған қоқыс алаңынан тақсірет тартып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Айналаға тараған күлімсі иіс пен үнемі өртеніп, бықсып жататын қоқыс шеткі ауылдардың әбден берекесін қашырған. Тұрмыстық қалдықтар ашық-шашық жатқан соң жан-жануар да үйір. Сөйтіп 15 ірі қара уланып өлген. Тұрғындар оның өтемақысын кімнен даулайтынын білмейді. Ал полигонға жауапты мекеме аумақты жөнге келтіруге қауқарсыз. 

Доссор кентіне қарасты «Бірлік ықшам ауданының тұрғыны Болатжан Оспанов жоғалған сиырларының өлігін қоқыс полигонынан тауыпты. Айдалада қараусыз жатқан қоқыс үйіндісі ауыл малының негізгі өрісіне айналған. Тағам қалдықтарымен араласқан түрлі улы қоқысты жеген мал жаппай өліп жатыр. Жайылымы жоқ ауыл тіпті малсыз қаламыз ба деп қорқып отыр.

Болатжан Оспанов, Бірлік ықшам ауданының тұрғыны:

– Ауылымызда 20 шақты сиыр болды. Қазір екі үйде ғана мал қалды. Оны да үйде ұстап отырмыз. Басқасының бәрі жоқ. Жаз бойы шығарсақ, мал бірден осы жерден шығады, далаға айдасаң да, бәрібір осында келеді.

Малдың да, жанның да мазасын кетірген қоқыс алаңының жыры жергілікті атқарушы билікке жақсы таныс. Кент әкімдігі былтырғы жылдың наурыз айында қоқыс алаңын қоршап, ретке келтіру мақсатында қаржы бөліп, жауапты мекемені де анықтаған. Қаржысы да қомақты – 124 миллион теңге. Бірақ тендерді ұтып алған мердігер мекеме өз міндетін орындамаған. Амалы таусылған ауыл әкімі енді пәрменді ауданнан күтіп отырған сыңайлы.

Асылбек Әбілғазиев, Доссор кентінің әкімі:

– Жалпы бұл полигонның жай-күйін білеміз. Біздің назарда. Себебі біздің Доссор кентінің қасында орналасқан соң шағымдар келеді. Ол туралы аудан көлемінде көтергенбіз.  

Аумағы атшаптырым полигонда жүздеген тонна түрлі қоқыс үйіліп қалған. Әлі тасылып жатыр. Мамандардан білгеніміз, бұл алаңның пайдалану мерзімі өткен жылдың аяғында біткен көрінеді. Демек қазір бұл үйінділер қожайынсыз әрі қараусыз қалған. Мердігер мекеме әкімдік жәрдем берсе, жұмысты жандандырамын дейді.

Бақтыбай Қабылов, мердігер мекеменің басшысы:

– Менің сұрыптау станоктарым бар. Қалада жұмыс істеп жатыр. Енді маған Үкімет жағынан жарық, газ, су керек. Оған сметалық құжат Мақаттағы Бәйгетөбеде өтті.

Аудан әкімінің Доссор кенті тұрғындарымен кездесудегі негізгі мәселе – осы қоқыс алаңы. Олар қолдағы малына ажал болған апатты аймақты жабуды талап етіп отыр. Жергілікті билік қордаланған проблеманың түйінін тарқату үшін уақыт керек дегенді алға тартады. Дегенмен көктем шыққанша, жүйелі жоба жасақталып, доссорлықтардың проблемасы шешімін табады деп сендірді, аудан басшылығы.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов

Хабар 24 телеарнасы