380,84 420,44 6,06
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Петропавлдық ата-аналар балабақшадағы қазақ тобының жабылуына наразы

  • 206
  • UPD: 22:37, 09.01.2020

Петропавлдағы балабақшалардың бірінде қазақ тобы жабылып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Мемлекеттік бөбекжай биылдан бастап мемлекеттік-жекеменшік әріптестігі аясында 10 жылға кәсіпкердің сенімді басқаруына берілген. Бұл туралы ата-аналар соңғы болып білген.

Бұл аналар бүгін балабақшаға басқа себеппен келді. Олардың балалары тәрбие алатын қазақ тобы жабылайын деп жатыр. Меңгеруші ауысуға үш күн берген. 

Ақнұр Ақжанова, қала тұрғыны:

– Бізге айтады, сіздер орыс тобында қаласыздар, 5 орыс тобы бар. Оның біреуі – коррекциялық. Яғни 4 орыс тобы 20 баладан. Соларды біз 25 қыламыз. Яғни біздің балаларымыздың арқасында. Сол орыс топтарын біздің балалармен бір топқа қосайық десек, олардың ата-аналары шу шығарады дейді. Сонда біз қайда қаламыз? Біз балаларымызды қазақша оқытқымыз келеді.

Бұл балақша – биылдан бастап жекеменшік. Яғни кәсіпкерге сенімді басқаруға берілген. Осыған байланысты жаңа жылға дейін жиын өтіп, ай сайынғы ақының өсетіні айтылды. Қалтасы көтермеген ата-аналар балаларын алып кеткен.

Зинаида Токарева, балабақша меңгерушісі:

– Жаңа жылдың алдында ата-аналар балаларын жаппай әкете бастады. Олар оны азық-түлік бағасының қымбаттауымен түсіндіріп отыр. Енді қазақ тобында 14 қана бала қалды. Бұл – біз үшін шығын. Сондықтан оларға орыс тобына немесе басқа балабақшаға ауысуға кеңес бердік.

Биыл Петропавлда 3 балабақша жекенің қолына өтті. Енді мемлекет оларға бір бала үшін 30 мың теңгеден төлейді. Қалған шығындар кәсіпкердің мойнында. 

Сара Рамазанова, қалалық білім бөлімінің басшысы:

– Бұл балабақшалар толық кәсіпкердің қамқорлығында болады. Келісімшарт бойынша олар ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге міндеттеледі. Мысалы, бір балабақшаның есік-терезелері ескірген, шатыры тозған. Ал ата-аналар бұрынғыдай тек азық-түлік үшін ғана төлейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

– Қазақ тобы ақыры жабылатын сияқты. Кәсіпкердің 14 балаға бола шығындалатын түрі жоқ. Сондықтан оларға басқа балабақша іздеуге тура келеді. Ол бойынша жұма күні соңғы жиналыс өтеді.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев

Хабар 24 телеарнасы