378,36 406,00 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қаскелеңдегі газ апатына кім жауапты

  • 173
  • UPD: 21:10, 09.01.2020

Қаскелеңде газ қысымынан жарылыс болып, 5 қабатты үйдегі пәтерлердің қирағанын кеше хабарлағанбыз.

Қаланы көгілдір отынмен қамтамасыз ететін компания апатқа қатысты әзірге ешқандай түсініктеме берген жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Қазір ол жерде арнайы тексеру комиссиясы жұмыс істеп жатыр.

Газ-ауа қысымы атылуынан екі адам ажал құшты. Жарылыстан 4 пәтердің қабырғасы қирап, үйлері түл-талқан болды. Ал осы үйдің тұрғындары апаттың алдын алуға болар еді дейді. Өйткені газ қысымының қалыпты мөлшерден асып кеткені оқиға болардан үш сағат бұрын байқалған.

Бұл – осы үйдегі зардап шеккен 30-пәтер. Қатты жарылыстан қабырғалар бұзылып, кірпіш үйіндісіне айналды. Әйнектер шағылып, есігі жұлынып кеткен. 29-пәтердегі жағдай да осындай. Тіпті көрші үйді бөліп тұратын қалың қабырға түгел қирады. Дәл осы пәтерде 10 жасар бала көз жұмды. Қазір апаттық қызмет мамандары оқиға орнында тексеру амалдарын атқарып жатыр. Ал өзге пәтер тұрғындары бұл апатқа үйді газбен қамтамасыз ететін компания жауап беру керек дейді. 

Асылбек Алпамыс, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Біз енді ай сайын ақшасын төлейміз. Келіп тексеру керек. Тексеру деген жоқ. Соның зардабынан осындай болды.

Елена Ярмоленко, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Бізде газ қысымы біресе артып, бірде төмендеп тұрады. Және жиі солай болады. Ол кеше ғана болған жағдай емес. Ал газбен қамтамасыз ететін компания жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Бұдан бөлек, бұл үйлерде пәтер иелері кооперативі атауымен жоқ. Бұл бейберекетсіздіктен қиындық көретін ең алдымен қарапайым тұрғындар.

Қаланы газбен қамтамасыз ететін «АлматыГазСервисХолдинг» компаниясы осы апатқа қатысты ешқандай түсіндірме бермей отыр. Қарасай ауданы әкімдігіндегілер болса апат салдарын жойып, бүлінген үйді қалыпқа келтіру жұмысы басталғанын айтады.

Бақдәулет Нұржанұлы, Қарасай ауданы әкімінің баспасөз хатшысы:

– Комиссияның жұмысы толығымен жүріп жатыр. Әлі біткен жоқ. Біткеннен кейін осы жарылыстың себептері анықталатын болады.

Жарылыстан кейін көп қабатты үйлерді газбен және жарықпен қамтамасыз ету уақытша тоқтатылған болатын. Бүгін апаттық қызмет барлық пәтерді тексеріп, осы маңайдағы үйлерге газ беріле бастады.

Айта кетейік, апаттан зардап шеккен 6 адам қазір Қаскелеңдегі аудандық ауруханада тиісті емін қабылдауда. Жағдайлары тұрақты дейді дәрігерлер.

Авторлары: Алмас Садуақас, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы