376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордада құрылысына қыруар ақша жұмсалған балабақша бос тұр

  • 138
  • UPD: 13:07, 10.01.2020

Елордада мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақша ғимараты қаңырап бос тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше жылдың жүзі болса да, қыруар қаржы жұмсалған нысан ұрпақ тәрбиелеуге дайын емес.

Ал жергілікті билік енді ғана оянғандай. Ел-жұрт балабақашадан баласына орын таппай сенделіп жүргенде, мұндай олқылыққа неге жол берілді?

Бұл – елордадағы «Family village» тұрғын алабында орналасқан балабақша. Мына кейпіне қарап, шым-шытырыққа толы немесе қорқынышты фильм түсіруге арналған ғимарат дерсіз. Бәлкім солай болуы да мүмкін. Себебі мұнда бала түгілі қарауылдың да ізі көрінбейді. Халық игілігіне берілуі тиіс нысан бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұр.

Ғимаратты айналып, есік-терезесін қанша қаққанымызбен, үн жоқ. Ал бейнебақылау камералары әлдеқашан істен шыққан. Балабақша құрылысына қыруар қаржы жұмсалғаны анық. Ауласына ағаш та егілген. Алайда иесіз.

Айнагүл Сүлейменова, қала тұрғыны:

– Жазда неге ашылмай тұр деген сұрақ туындады. Салынған болса, неге ашылмайды. Орталыққа шығамыз. Жазда жарайды. Қыста қиын.

Бұл аумақтың тұрғындары таңнан тұрып, балаларын орталыққа тасып әуре. Мемлекеттік білім беру мекемелерінен мұнда тек мектеп қана жұмыс істеп тұр. Ал балабақшаның сиқы мынау. Аты бар, заты жоқ.

Елена Воробьева, қала тұрғыны:

– Мен баламды қала орталығындағы балабақшаға апарамын. Жақын жерде мемлекеттік бөбекжай жоқ. Бос тұрған бұл ғимаратты Назарбаев зияткерлік мектебіне берген деген әңгімелер айтылды. Мұнда тұрғындар өте көп. Әр отбасында кемінде бір баладан бар.

Мұндайда ел құлағы елу екенін ескеріп, жергілікті билік өкілдеріне хабарластық. Ондағылар ғимараттың 4 жылдан бері пайдаланылмай, бос тұрғанын растады.

Ләззат Қазбекова, қала әкімдігі білім басқармасы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы:

– Балабақша мемлекеттік болады. 240 баланы қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. 9 топ болады. 

Осылайша, арада бірнеше жыл өткен соң балабақша ғимараты мемлекеттің иелігіне өтті. Әкімдік өкілдері балабақша көп ұзамай іске қосылады деп сендірді. Дегенмен бұл істі бұған дейін кімдердің бұра тартып келгені беймәлім.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы