377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Талдықорғандық кәсіпкер жылыжай кешенін салатын жер ала алмай жүр

  • 87
  • UPD: 09:34, 10.01.2020

Талдықорғандық Қызырхан Бөрібай бос жатқан жерді кәдеге жаратып, жылыжай кешеніне айналдырғысы келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бағбан 8 жылдан бері бау-бақша шаруашылығымен айналысады. Алайда, шаруасын дөңгелетуге кедергі көп. Кешен салатын жер ала алмай жүр.

Көкөніс өсіруді кәсіп еткен Бөрібай Қызырхан 2 мың шаршы метрлік жылыжайынан өнім жинап жатыр. Күніне орташа есеппен 100-150 келі қызанақ алады. Оны азық-түлік дүкендеріне арзан бағада сатады.

Бөрібай Қызырхан, бағбан:

- Базарда қызғылт қызанақты мың теңгеден сатып жатыр. Мына қызыл қызанақтар 700-800 теңгеден. Ал біз көтерме және парша бағада да содан береміз. Әзірге дейін 4 тонна қызанақ саттық. Енді 4 тонна шықса, 8 тонна сатамыз.

Жылыжайда кезектесіп бес адам еңбек етеді. Оларға жалақысының тең жартысы мемлекет есебінен яғни жұмыспен қамту орталығы арқылы беріліп отыр. Қалған бөлігін бағбанның өзі төлейді.

Бердіхан Жұмағұл, жұмысшы:

- Мен мына кісіге келгеніме бір жылдан асты. Жағдай жаман емес көптеген нәрсе біліп жатырмын. Бұйырса, өз алдыма ашсам деген ой бар.

Бөрібай Қызырхан жылыжай көлемін ұлғайтқысы келеді. Ол үшін Гауһар ана көшесіндегі бос жатқан жерді қарастырып қойған. «Соны жергілікті билік жалға берсе қайырымдылықпен айналысар едім», - дейді бағбан.

Бөрібай Қызырхан, бағбан:

- Шыққан өнімнің 100-ден 50%-ін көп балалы отбасылар мен мүгедектерге қаланың атынан берсем деген ой бар. Және де осы Талдықорғандағы жылыжаймен шұғылданам дегендерге кәсіп үйренетін орталық ретінде қолдансақ, көп адам кәсіптенер еді.

Қурай басып, қараусыз қалған бұл жердің жалпы аумағы бір гектар. Шаруа «ол алқапқа жылыжай салып, жылына 50 тонна табиғи өнім алуға болатын еді», деп отыр.

Авторлары: Ш.Қалиден, О.Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы