430,51 507,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыдағы ұшақ апатының нақты себебі тергеу аяқталған соң жарияланады

  • 776
  • UPD: 20:31, 10.01.2020

Ұшақ суық ауа райы кезінде қолданылатын арнайы сұйықтықпен өңделмеген. Алматыда BekAir ұшағының апатқа ұшырау себебі осы болуы мүмкін. Бірден айтайық, бұл алдын ала болжам.

Орталық коммуникациялар қызметіне келіп брифинг өткізген Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр тергеу әлі жүріп жатыр деді. Соңғы нұсқа сол тергеу аяқталған соң жарияланады.

Үкімет басшысының орынбасары екі тәулік бойы тұрақта тұрып қалған әуе кемесінің үстіне мұз қатып қалуы мүмкін дейді. Комиссия апаттың төрт нұсқасын зерттеді. Әзірге алдын ала  болжам ғана бар. Мамандар ұшақтың жанасу орындарын, әрі әуе кемесінің техникалық жағдайын анықтап, экипаждың дайындығын тексерді. Сонымен қатар метеоахуалға да талдау жасады. Роман Склярдың айтуынша, экипаж және техникалық жағдай тарапынан ескертулер табылмаған.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Комиссия тұрақта екі тәулік тұрған әуе кемесіне мұз қату фактісін жоққа шығармайтындығын атап өтті. Қалған нұсқалар бойынша комиссия халықаралық авиация комитетінің мамандарымен және Нидерландының авиациялық апаттарды зерттеу жөнінідегі құзырлы органдармен бірлесіп жұмыс жүргізуде. Кеме қозғалысының параметрлерін талдау мақсатында Қазақстан, Нидерланды мамандарымен бірлесіп халықаралық авиация комитетінің технологияларын пайдалана отырып үлгілеу жүргізілетін болады.

Алматы әуежайы маңындағы әуе кемесі соқтығысқан үйдің заңсыз жерде салынғаны анықталды.  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі жер учаскелерін заңсыз беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастап кетті.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- 2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары қызметтерін асыра пайдаланып, жеке шаруашылық жүргізуге, тұрғын үй құрылысын салуға әуежайдың санитарлық қорғаныс аймағынан заңсыз жер бергені анықталды. Арнайы ереже бойынша санитарлық қорғаныс аймағында бау-бақша немесе жеке саяжай учаскелеріне рұқсат етілмейді.

Еске салсақ,  өткен жылдың 27 желтоқсанында Алматыдан ұшып шыққан 93 жолаушысы 5 экипаж мүшесі бар Bek Air ұшағы радардан жоғалып кетіп, әуежай маңына құлаған болатын. ІІМ мәліметі бойынша апат салдарынан 12 адам қаза болған. Ұшақ апатының себептерін тергеу бойынша үкіметтік комиссия құрылып, апаттың себептерін анықтауға кіріскен

Авторы: Айнұр Қуатқызы

Хабар 24 телеарнасы