380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізге әкелінетін Амур жолбарыстары Балқаш маңын мекендейтін болады

  • 172
  • UPD: 23:31, 10.01.2020

Амур жолбарыстары қазақ жерін мекендейді. Осы жырқыштарды жерсіндіру үшін Іле-Балқаш аумағында арнайы резерват құрылды. Қазір мұнда экожүйені қалыптастыру жұмыстары жүріп жатыр. 415 мың гектар аумақ тұтастай қоршалып, қарауыл қойылған. Жолбарыстардың жемтігі де жеткізіліп жатыр. Ал шерілердің өзі қазақ жеріне қашан жеткізіледі? 

Өткен ғасырда қазақ жерін әлемдегі ең жырқыш аңдардың бірі мекен екен. Жұрт оны «Тұран жолбарысы» атап кетті. Кезінде парсылардан ауып келген бұл шеріні браконьерлер жаппай аулап, түбінде жер бетінен жоқ қылды. Қазір «Тұран жолбарысының» тұқымы жойылған. Соңғы жыртқышты 1939 жылы Балқаш өңірінде аңшылар атып алған деген дерек бар. 

Тұран жолбарысы - мысықтұқымдас жырқыштардың ең ірісі. Оның тұмсығынан құйрығына дейінгі ұзындығы 4 метрден асқан. Ал салмағы 230 келіге дейін жетіпті. Кей деректерде 300 келі тартқан деген ақпарат бар. Азулыны енді елге қайтару жобасы жүзеге асып жатыр. 

Сәкен Ділдахмет, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы:

- Кезінде қазақ даласында, қазақ табиғатында мекен еткен Тұран жолбарысын қайта жерсіндіру, әрине бүгінгі күнде мұндай жолбарыстың түрі жоқ. Бірақ оған генетикалық ұқсас Амур жолбарыстары Қазақстанға қайтарылатын болады.

Амур жолбарыстары қазір Ресей және Қытай жерлерін мекен етеді. Соларды біздің елге әкелу үшін Іле-Балқаш аймағында арнайы резерват құрылған. Аумағы 415 мың гектар. Бұл қорық Амур жолбарыстарының өмір сүруіне өте қолайлы. Бірақ шеріні Қазақстанға әкелмес бұрын, оның жемтігі әзірленуі керек. Сол үшін былтыр Сыр өңірінен 5 бұқар бұғысы жеткізіліпті. Ал жабайы қабандар тоғайлы жерде бұрыннан бар.

Сергей Скляренко, Қазақ ұлттық географиялық қоғамының вице-президенті:

- Жолбарыстарды Қазақстанға жерсіндіру үшін 3 нәрсе қажет. Бірінішсі – арнайы резерват болуы керек. Міндетті түрде тоғайлы жер болуы тиіс. Одан бөлек, жыртқыштың қорегі қажет. Осының барлығын Іле-Балқаш аймағында жүзеге асыруға болады. Қазірдің өзінде резерват құрылып, арнай ыаумақ қорғауға алынды. Енді ондағы экожүйені қалыптастыруға ат салысып жатырмыз. Жолбарыстардың қорегі де бірте жеткізіліп жатыр.  

Қазір резерватта 64 адам еңбек етіп жатыр. Олар қоршалған аумақты тәулік бойы күзетеді. Браконьерден қорғайды, өрт тұтанса соны сөндіруге жұмылады. Бұл қорық елді мекендерден әлдеқайда алшақ орналасқан. Сондықтан адамдарға ешқандай қауіп төнбейді. Мамандар осылай деп сендіріп отыр.   

Сәкен Ділдахмет, ҚР Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің баспасөз хатшысы: 

- Бүкіл әлемде қазір 4 мыңға жуық жолбарыс бар. Соның 20 пайызы халыққа жақын өмір сүреді екен. Резерваттың жұмысы оңтайлы болып, іске асып жатса, әлемдегі туристер сол жолбарыстарды көруге келеді. Жергілікті халық өзінің вримянкасын соғып, сол туристерге қызмет көрсетсе, сервис дамыса, сондағы тұрғындардың әл-ауқаты да жақсарады. Егер жолбарыстар сондағы тұрғындардың төрт-түлік малына шабуыл жасаса, дүниежүзілік жабайы табиғат қоры шығынын толық өтеп береді.  

Жоба құны 50 млн долларға бағаланған. Үкімет резерватты құруға, оған керек жарақты алуға ақша бөлген. Ал жолбарыстарды жеткізуге және қорықты күтіп-баптауға дүниежүзілік жабайы табиғат қоры жауапты болады.

Григорий Мазманянц, WWF Ресей-Орталық Азия бағдарламаларының директоры:

– 2018 жылдың басында Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Іле-Балқаш аймағы мен Алтын-Емел қорығы арасында арнайы экодәліз құрды. Сөйтіп, резерваттың аумағы тағы 1 млн гектарға ұлғайды. Енді ондағы құландар және басқа да аңдар осы аумақта емін-еркін жортып жүре алады. Қажет көліктер сатып алынды, радиостанциялар орнатылды, бақылау пунктерін жасақтадық. Жұмыс бірте жүргізіліп жатыр.  

Амур жолбарыстарын Қазақстанға 2025 жылы жеткізу көзделіп отыр. Оған дейін тоғайлы жерді дамытып, жыртқыштың қорегін қажет мөлшерде әзірлеп қояды. Бастапқы кезеңде іргелес Ресейден 10 шеріні әкелу көзделген. Кейін, олардың санын 100-ге жеткізбек. 

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы