376,51 420,09 6.12
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарлық бастауыш сынып оқушылары тегін тамақтанып жүр

  • 129
  • UPD: 15:44, 11.01.2020

Ертіс өңірі бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға көшті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қысқы демалыстан шыққан бүлдіршіндер оқу жылының екінші жарты жылдығын осындай жаңашылдықпен бастады. Кешенді ас мәзірімен қатар балаларға 5 грамнан бал беріледі. Бұл мақсатқа облыс бюджетінен 2 жарым миллиард теңге бөлінген.  

Әлеуметтік деңгейіне қарамастан, бастауыш сынып оқушыларын тегістей тегін тамақтандыру мәселесі өткен жылдың қазан айында көтерілген болатын. Бұл – біріншіден балалардың денсаулығы. Екіншіден отбасы қаржысы үнемделеді. Әр балаға бюджеттен 300 теңге бөлініп отыр.

Бақыт Әбдірахманова, мектеп асханасының меңгерушісі:

– Бірінші ыстық тамақ беріледі. 25 грамм салат саламыз. Екінші ыстық тамақ та бар.

Үш жүз теңгенің ішіне салат, бірінші және екінші ыстық тамақ, компот немесе шай, бір тілім нан кіреді. Облыс орталығындағы №25 мектепте 842 оқушы ыстық тамақпен қамтылды. Игі бастама әсіресе көп балалы отбасылар үшін үлкен көмек болып отыр.

Әсем Серікбай, ата-ана:

– Біз түскі асқа 335 теңге төлесек, қазір ол тегін. Ол ақшаны біз баланың басқа керек-жарағына пайдаланамыз. Үйірмелері бар.

Тегін ас мәзірімен Павлодар облысында жалпы саны 50 мыңдай мектеп оқушысы қамтамасыз етілген. Бұған қоса шаруа қожалықтары есебінен 500-ге тарта ауыл баласы тегін тамақтанады. Мектеп оқушыларын аспен қамтуға облыстық бюджеттен 2,5 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылған.

Айнагүл Абаева, облыстық білім беру басқармасының бас маманы:

– Аталған қаржының 1 миллиард 789 миллион теңгесі облыстық бюджеттен бөлінді. Қалғаны аудандық бюджет және демеушілер тарапынан бөлінген қаржы.

Аймақта сонымен қатар мектеп асханаларын жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Өткен жылы мемлекеттік жемекеменшік әріптестік аясында 11 асхана күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар әлі де жалғасады.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий

Хабар 24 телеарнасы