378,46 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Н.Сабильянов: Әлеуметтік жобаларға бөлінген қаражат қатаң бақылауда болуы тиіс

  • 121
  • UPD: 14:33, 13.01.2020
Н.Сабильянов: Әлеуметтік жобаларға бөлінген қаражат қатаң бақылауда болуы тиіс

Тұрғын үй құрылысы, жол салу, ауыз су тарту сияқты әлеуметтік жобаларға бөлінген мемлекет қаражаты қатаң бақылауда болуы тиіс.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов Шығыс Қазақстан облысының шалғай ауыл тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.

Зайсан, Тарбағатай, Көкпекті, Аягөз, Абай аудандарында 22 елді мекенді аралаған депутат халықпен заң шығару саласындағы жаңалықтармен бөлісті, сондай-ақ тұрғындардың мұң-мұқтаждықтарын тыңдап, сауалдарына жауап берді. Қыруар қаражат бөлінсе де, әлі күнге сапалы ауыз суға жарымай отырған ауылдар жетерлік. Мәселен, бір ғана Аягөз ауданын ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында соңғы жылдары республикалық бюджеттен 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Алайда, көптеген жоба жүзеге аспай қалды. Солардың бірі – Мыңбұлақ ауылы. Алдыңғы жылы бюджеттен 200 миллион, былтыр тағы да 177 миллион теңге қосымша қаражат бөлінсе де нәтиже жоқ.

Нұртай Сабильянов, ҚР Парламенті Мәжілісінің экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы:

- Осы жобалардың ішінде Аягөз ауданына қарайтын Мыңбұлақ ауылының су жобасы бар. Қаражат бөлінген, бірақ жоба жүзеге аспаған. Мердігер кетіп қалған. Қаражаттың бір бөлігі игерілген. Қазір осыған байланысты құқық қорғау органдары жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тексерудің қорытындысы бойынша мен ойлаймын, шара қолданылады. Және Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитетінің тексерулері қорытындысы бойынша тиімсіз жұмсалған қаражат анықталып отыр. Енді осы ауылға қаражат бөлініп, қайта мемлекеттік сатып алу жарияланатын болса, онда қатаң бұл қаражат бақылауға алыну керек.

Хабар 24 телеарнасы