428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сенат депутаты ақмолалық мұғалімдермен кездесті

  • 861
  • UPD: 21:56, 13.01.2020

Кеше ғана қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңның шарапатын елімізде 500 мыңнан астам ұстаз көретін болады. Ақмола облысына жұмыс сапарымен барған Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Щучинск қаласының мұғалімдерімен кездесіп, заңды жан-жақты түсіндірді. Педагогтар да өз жауапкершілігін сезініп отыр.

Бурабай баурайына ат басын тіреген сенатор Бақытжан Жұмағұлов алдымен №2 мектепте қаладағы барлық орта білім ошақтарының директорларымен кездесті. Жиын тақырыбы біреу. Ол жаңа заң мұғалімдерге не береді? Ұстаздардың айтуынша, бұл құжат, ең алдымен олардың абыройын көтеріп, халық арасында мұғалім болуға деген қызығушылықты арттырады. Жалпы Ақмола облысында қазір 22 мыңнан астам педагог жұмыс істеп жатыр. 

Ақылбай Теміров, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі:

- Мынау биылғы жаңа жылымыз жақсы жаңалықпен басталды. Мұғалім мәртебесіне байланысты Заң қабылданды. Бұл, ертеден көтеріліп келе жатқан заң болатын. Өз шешімін тапты деп ойлаймын. 90-жылдары тоқырау кезінде білікті мамандар колледждерден, мектептерден кетіп қалды. Одан кейін мамандарды даярлау құлдырап кетті деп айтуға болады. 

Енді ондай келеңсіздіктердің бәрі артта қалды. Жаңадан қабылданған заң, сол кезінде білім ошақтарынан кетуге мәжбүр болған мамандардың керісінше қайта келуіне жол ашары сөзсіз. Ал келе алмағандардың қызығатыны даусыз.  Себебі, бұл құжатта мұғалімдер құқықтық, әлеуметтік және экономикалық жағынан жақсы қорғалған. Қаладағы техникалық және педагогикалық колледждердің ұстаздарымен болған кездесуде Сенат депутаты осы бағыттарды баса айтты. 

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Мұғалімдердің осы 1 қаңтардан бастап, жалақылары 25 пайызға көтеріліп, оның ішінде 4 жылдың ішінде 2 есеге көтерілетінін біздің Президентіміз айтып өтті. Оның жаңағы демалыстары 56 күнге көшуі, олардың жүктемелі сабақтарын төмендету, апталық 16 сағатқа.

Жалпы 19 баптан тұратын Заңда мұғалімдерді негізсіз жұмсағандар мен балағаттандарға айыппұл төлету, ал сынып жетекшілігі мен дәптер тексергені үшін қосымша ақы беру қарастырылған. Бұдан бөлек жаңа құжатта ұстаздар үшін көптеген жеңілдіктер мен мүмкіндіктер бар. Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұловтың айтуынша, мұндай қамқорлықтың артында үлкен жауапкершілік те жатыр. Себебі қазір бәсекеге қабілетті бола алатын білімді бала тәрбиелеу – бүгінгі күннің басты талабы.

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы