426,19 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысында заңсыз аңшылыққа қарсы рейд жүргізілді

  • 508
  • UPD: 20:45, 14.01.2020

Бірінші қаңтардан бастап жабайы аң-құстарды атуға тыйым салынғаны белгілі.

Алматы облысында ақпанның 15-іне дейін қоян, түлкі мен қарсаққа ғана шығуға болады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның өзінде төсқалтаңда арнайы рұқсат қағазың болуы тиіс. Алайда, Ақсу ауданындағы аңшылық шаруашылықтарында жүргізілген рейд жергілікті тұрғындардың заң талаптарына құлақ аспайтынын көрсетті.

Ақсу ауданының Матай ауылы маңындағы аңшылық шаруашылығының аумағына кіре салысымызбен алдымыздан заңсыз аң атушылар мінген жеңіл автокөлік кез бола кетті. Олар инспектордың тоқта деген белгісіне пысқырып та қарамады. Жүріп бара жатқан көліктің ішінен екі браконьер секіріп түсіп, тоғайға қарай қашты. Жергілікті аңшылық шаруашылығының басшысы Сансызбай Көптілеуов ізінен қуып жүріп, заңсыз аң атушылардың бірін ұстап алды. Жасы жетпіске жақындап қалғанымен, ақсақал әлі тың екен.

Сансызбай Көптілеуов, Аңшылық шаруашылығының директоры:

- Екі аңшы қашып, жабылып жүріп біреуін ұстап алдық. Ішінде 3 қырғауыл бар екен. Мылтық сақтауға арналған рұқсат қағазы мен путевкасы жоқ. Үш қырғауылға 74 мыңдай төледі. Қазір айыппұлдың бағасы өсті. Заң бұзуға болмайды, қиын бәрі. Енді бәрібір браконьерлер болмай қоймайды.

Ал осы өңірдегі шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Құмарғали Баяхметовтың көлігінен оқталған ескі бесатар табылды. Ол жеке куәлігі мен аңшылық билеті, қару сақтауға және оны өзімен бірге алып жүруге рұқсат беретін құжаты ауылда қалғанын айтып, ақталды. Заңның аты – заң! Сол арада мылтық тәркіленді. Соңынан құжаттарының дұрыс-бұрыстығы тексеріліп, тиісті қаулы толтырылған соң қару иесіне қайтарылды.

Құмарғали Баяхметов, шаруа қожалығының басшысы:

- Осы малмен жүрміз. Аңшылар дегенің қаптап, жетіп келеді бәрі. Өзің қорқасың. Тоқтатып, сұрасаң «біз қасқыр аулап жүрміз» дейді. Қасқыр емес, ылғи еліктерді атады да, сойып, терілерін тастап кетеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын 2-3 жылқымды атып кетті. Бергі жағынан атады, карабиннің оғы тимейді де, жылқыға тиген.

Матай маңында заңсыз аң аулаушыларға қарсы рейд жүріп жатқаны туралы хабар ауыл ішіне тез тарап үлгерді ме, ертесі күні ешкім көзге түсе қоймады. Бірақ қансонардан кейінгі дала төсінде аңшылардың ізі сайрап жатты. «Бір күн бұрын мұнда елік те, қабан да атылған», дейді қырағы қорықшылар.

Роман Коршунов, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы:

- Өткен жылы заңсыз аң атудың 110 дерегі тіркелді. Заң бұзушылардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 6 іс сот арқылы шешілді. 400 мың теңгеден астам айыппұл салынып, 8 млн теңге көлеміндегі мемлекетке келтірілген шығын қайтарылды. Бұл жүйелі түрде жүргізілген осындай рейдтердің арқасында мүмкін болып отыр.

Мамандар браконьерліктің жылдан жылға азайып келе жатқанын айтады. Дегенмен, бұл жолғы рейд те аң-құсы молдау жерде тұратын ауыл азаматтарының заңға бағынбайтынын көрсетіп берді. Әйтпесе, тыйым салынған мезгілде құжатсыз қару асынып, қырғауыл атпас еді.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы