377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елімізде қару-жарақ қоймаларына тым жақын орналасқан өндіріс ошақтары мен тұрғын үйлер көп

  • 91
  • UPD: 20:13, 15.01.2020
Елімізде қару-жарақ қоймаларына тым жақын орналасқан өндіріс ошақтары мен тұрғын үйлер көп

Арыстағы жағдай сабақ бола алмады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Елімізде әлі күнге дейін қару-жарақ қоймаларына тым жақын орналасқан өндіріс ошақтары мен тұрғын үйлер жетерлік. Мәселен, 58 әскери нысанның 18-інен осындай жағдай анықталған. Өкініштісі сол, Қорғаныс министрлігі 2015 жылы бекіткен арнайы талапты орындауға ешкім құлықсыз. Бұл мәселе бүгін Парламент Мәжілісінде көтіріліп, палата спикері оны бөлек заңмен реттеу керектігін алға тартты. Яғни жазға дейін әскери қоймалар маңындағы жерлерді қолдануға қатысты құжат дайындалмақ. «Ол жерде әсіресе жергілікті атқарушы биліктің жауапкершілігін күшейту керек», - деді Нұрлан Нығматулин. Бұған қоса, бүгін төменгі палатада «Соғыс жағдайы туралы» заңға өзгеріс енгізу мәселесі қаралды. Ол жерде мемлекеттің соғыс жағдайы кезеңінде жұмыс істеу, сонымен қатар бейбіт уақытта оған дайындалуды құқықтық реттеу көзделген. Заңда Президент өкілеттігін толықтыру да ұсынылып отыр.

Мұрат Бектанов, ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары:

– Соғыс жағдайы туралы» Заңда Президент өкілеттігін толықтыру ұсынылып отыр. Ол бейбіт уақытта іске асырылады. Бұл соғыс жағдайы саласын қолдану тәртібін айқындау, Қарулы Күштер Жоғарғы Бас қолбасшылығы ставкасы туралы, Қорғаныс кеңестері туралы, соғыс жағдайы кезеңінде Үкімет қызметін ұйымдастыру туралы ережені бекіту болып отыр.

Бұған қоса, бүгін Мәжілісте Байқоңырды газбен жабдықтауға қатысты мәселе де көтерілді. Қазақстан мен Ресей үкіметтері арасында келісім жасалып, алғашқы жұмыстар басталған болатын. Соның арқасында Байқоңырдағы газдың бағасы Қызылорда облысындағы бағамен теңестірілген. Яғни тұрғындар текше метріне 18,6 теңгеден төлейді. Бұл бұрын қолданылып келген сұйытылған мұнай газынан әлдеқайда арзан дейді Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев.

Нұрлан Ноғаев, ҚР энергетика министрі:

– Байқоңыр қаласында 74 мың тұрғын бар. Оның 62% – қазақстандық азаматтар. Одан басқа, 300-ден аса көп қабатты үй газдандырылады. 150 жеке үйдің 45-і газдандырылған. 5 мектеп, 3 балабақша және 1 аурухана газдандырылған.

2020 жылдың алғашқы жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары алдағы уақытта қаралатын заң жобаларын да нақтылады. Олар ел басшылығы тапсырған әлеуметтік бағдарламаларды орындауға бағытталған. Заң жобалары бойынша жұмыс барысында азаматтық қоғам өкілдерімен міндетті түрде диалог жүргізіледі, - деді төменгі палата спикері. Айта кетейік, қазір Мәжілісте 61 заң жобасы бар.

Авторлары: Аслан Қаженов, Серік Қоңырбаев

Хабар 24 телеарнасы