429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да биыл сырғанақ алаңдарында 5 адам жарақат алып, 2 адам қаза тапты

  • 536
  • UPD: 21:29, 15.01.2020

Шығыс Қазақстан облысындағы сырғанақ алаңдарында қайғылы жағдайлар көбейіп кетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек осы қыста 7 жазатайым жағдай тіркелді. 5 адам ауыр жарақат алса, 2 адам қайтыс болды. Олардың бәрі де автокөлік жолын кесіп өтетін тауға барып сырғанақ тепкен. Ал қысы аз дегенде алты айға созылатын өңірде қайғылы жағдайлар қайталанбас үшін құзырлы орган қызметкерлері халыққа тек арнайы сырғанақ алаңдарында көңіл көтеруге кеңес беріп отыр.

Көңілді демалыстың соңы ауруханамен аяқталды. Өскемендік бойжеткен Марина Колесникова құрбыларымен бірге өмірінде бірінші рет сырғанақ тебуге барған. Бірақ жазатайым жағдайға ұшырады. Қала шетіндегі Шешек асуынан сырғанаған бірнеше қыз сол бойы етектегі автокөлік жолынан бір ақ шыққан. Осы тұста көліктің астына түскен. 30 жастағы бойжеткеннің бел омыртқасы ауыр жарақат алған. Бірге сырғанаған құрбыларының да жағдайы ауыр.

Марина Колесникова, қала тұрғыны:

– Біз Шешек асуының ең биік жеріне шықтық. Тік сырғанған бойы жазықтағы жолға басымызбен қадалдық. Сол кезде келе жатқан көлік тоқтап үлгермей, басып кетті. Бізбен бірге таудың ең басына шығып сырғанағандар да жарақаттанып, ауруханаға түсіпті. 

Дәл осындай жағдай жаңа жыл мерекесі кезінде Бесқарағай ауданында да болды. Екі жасөспірім автокөлікке резеңке баллон байлап сырғанаған. Бірақ кілт тоқтағанда баллонда отырған екеу жолдың қарсы бетінде келе жатқан көлік астына түскен. 

Екеуі де сол жерде жантәсілім етті. Ал дәрігерлер қыста көңіл көтеру кезінде ауыр жарақат алатындардың саны азаймай тұрғанын айтады.

Мұрат Нұрбекенов, облыстық арнайы медициналық орталығының бас дәрігері:

– Қардың қалың жауғаны біздің жұмысымызды да қиындатты. Тек сырғанақ тебу және тауда көңіл көтуруге барып, түрлі жарақатпен ауруханаға түсетіндердің саны соңғы 2 айда 2 есеге көбейді. Сондықтан тұрғындарға өте абай болуын ескертеміз.

Әсіресе сенбі-жексенбі күндері жедел жәрдем ауруханасының сынық бөлімі науқастан босамайды. Бір тәулікте тек сырғанақтан жарқат алған 5-6 адам жеткізіледі.

Олжас Керейхан, тілші:

– Осы қыста қалада бірнеше жерде арнайы сырғанақ алаңдары ашылды. Бірақ қардың қалыңдығынан тұрғындар әсіресе балалар мынадай дөң-дөңестен сырғанақ жасап алған. Бірақ бұл жерлерде қауіпсіздік қарастырылмағандықтан, ойынның соңы кейде қайғылы жағдайға соқтырып жатады.

Қала аумағындағы әрбір жота мен дөңді бақылауға құзырлы орган қызметкерлерінің дәрмені де пәрмені де жоқ. Ал өз бетімен сырғанап жүрген тұрғындарды жауапқа да тарта алмайды.

Марина Лискова, қалалық ТЖ басқармасының баспасөз хатшысы:

– Халыққа түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бірақ қала сыртындағы әрбір таудың басын қадағалап, кезекшілік ете алмаймыз. Сондықтан тұрғындардан әсіресе жолға жақын жерде сырғанамауды сұраймыз.

Дегенмен төтенше жағдайлар қызметкерлері қаладағы арнайы ашылған сырғанақтарда халыққа қауіпсіздік ережелерін үйретіп, балалармен бірге көңіл көтеріп жүр.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Хабар 24 телеарнасы