419,02 492,14 5.75
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елордалық кәсіпкерлер: Денсаулық сақтау басқармасы ШОБ дамуына кедергі келтіріп отыр

  • 604
  • UPD: 21:47, 15.01.2020

Елорданың қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы шағын және орта бизнестің дамуына кедергі келтірген.

«Атамекен» палатасына бас қаланың кәсіпкерлері осылай деп арызданды. Олардың айтуынша, жаңадан ашылған бірқатар жекеменшік емхана тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асыруға қатыса алмай отыр.

Ал басқарма бұл нысандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде емес, жеке инвестициялар есебінен салынғанын алға тартқан.

Бектас Қайып «Үйдегі дәрігер» жобасымен елорданың сол жағалауынан емхана ашқан. Бірақ оның медициналық орталығы небәрі 8 ай ғана жұмыс істепті. Жас кәсіпкердің айтуынша, ол денсаулық сақтау басқармасынан қолдау көрмеген. Яғни олар тұрғындарды тіркеп беруге көмек көрсетпеді деп налиды.

Бектас Қайып, кәсіпкер:

– Соңында шығынға батып, емханамды сатуыма тура келді. Әр сайынғы аренданы бір жарым млн-нан есептеп көріңіз. Шығын қанша болды есептеп көріңіз.

Басқармадан дәл осындай қағажу көрдік деген тағы бірнеше бизнес иелері бар. Десе де, олар демеушіліктен әлі де үмітті. Сондықтан кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіріпті.  

Қуанышбек Мұқаш, қалалық «Атамекен» ҰКП директорының орынбасары:

– 4 кәсіпкерге келетін болсақ, олар 270 млн-нан астам несие алған. Қазіргі уақытта ай сайын 6 млн-нан астам арендасын, коммуналдық төлемдерді төлеп жатыр. Бірақ олардың жұмыстары жабылмақ. Оларға адам тіркелмегендіктен, емдейтін де адам жоқ. Ақша да бөлінбей жатыр.

Ал бұған елорданың денсаулық сақтау басқармасындағылардың өз айтары бар. Басты мәселе – бұл емханалар тұрғындарды тіркеу науқанына қатыспаған. Қазіргі заң бойынша басқарма оларға халықты тіркеп бере алмайды.

Әлия Рүстемова, қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

– Бұл кәсіпкерлер мемлекеттік тапсырысты ала алмай отыр. Оның өзіндік себептері бар. Олар 15 қыркүйектен 15 қараша аралағында болған тұрғындарды емханаларға тіркеу науқанына қатысуы тиіс еді. Бірақ оларды кейбіреуі лицензияны кешіктіріп алуына байланысты қатыса алмаған. Ал бір-екеуі қатысқанымен, адамды өте аз жинаған. Талап бойынша бір дәрігерлік участокке кем дегенде мың жарым адам тіркелу керек. Сонда ғана ол мекемелер мемлекеттік тапсырыс алып, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін жүзеге асыра алады.

Әзірге бұл мәселе басы ашық күйінде қалып отыр. Кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінде тараптар мәмілеге келе алмады. 4 кәсіпкердің де қазір лицензиясы бар. Сондықтан олар медициналық қызметті ақылы түрде көрсете алады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша келісім де жасауларына болады. Ал міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне енді тек келер жылы ғана қатыса алады.

Хабар 24 телеарнасы