380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Елді шулатқан видео: Сот төрелігі академиясының магистранттары жауапқа тартылады

  • 130
  • UPD: 23:04, 15.01.2020

Жоғарғы сот жанындағы Сот төрелігі академиясының атышулы магистранттары қалай жазаланатыны алдағы күндері белгілі болады.

Еске салайық, бірнеше күн бұрын Германияда тағылымдамадан өтіп жүрген болашақ судьялардың ішімдік ішіп, көңіл көтерген видеосы әлеуметтік желіні шарлап кеткен еді.

Бұл видео қараша айында түсірілген. Мұндағы кейіпкерлер – Германияның Висмар қаласына 12 күндік тағылымдамаға келген Жоғарғы Сот жанындағы Сот төрелігі академиясының магистранттары.

Әлеуметтік желіде оларды жақтайтын да, даттайтын да пікірлер бар. Ескеретін жайт, видеодағы магистранттардың барлығы – мемлекеттік қызметкерлер. Әрқайсының жоғарғы білімі, кем дегенде 3 жылдық еңбек өтілі бар. Академия ректорының айтуынша, олар дәл қазір қазір магистрант болса да, мемлекеттік қызметші кодексін ұстануы тиіс. 

Зәуреш Баймолдина, ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот төрелігі академиясының ректоры:

– Олар жалпыға ортақ этикалық нормаларды ұстанған жоқ. Сондықтан өздерінің іс-әрекеттерімен қатал сынға ұшырады. Мұны біз де, ел де көріп отыр.  

Аталмыш магистранттар егер оқудан шығарылса, мемлекет бөлген қаражатты қайтаруы тиіс. Сондай-ақ енді мемлекеттік қызметке алынбауы мүмкін. Тағы бір назар аударатын жайт, олар әлеуметтік желіде жарияланғандай әлі судья емес. Ректордың айтуынша, оқудан соң олардың бірден қызметке орналасуы екіталай.

Зәуреш Баймолдина, ҚР Жоғарғы соты жанындағы сот төрелігі академиясының ректоры:

– Магистратура – автоматты түрде қызметке орналастырады деген қате түсінік. Диплом алған соң, олар емтихан тапсырады. Оған міндетті түрде Жоғарғы сот кеңесінің өкілдері қатысады. Осыдан соң ғана олар қызметке тағайындалу жөніндегі конкурсқа қатыса алады.  

Елді шулатқан магистранттардың қалай жазаланатынын арнайы құрылған комиссия алдағы бірнеше күнде шешеді. Ал бұл жағдайдың өзге де мемлекеттік қызметте жүргендерге сабақ болары анық.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Асхат Ниязов, Марат Дихнабаев

Хабар 24 телеарнасы