377,86 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


«Өркениеттен жұрдаймыз». Қаратаулықтардың жан айқайы

  • 127
  • UPD: 00:00, 16.01.2020

Жамбыл облысы Қаратау қаласының тұрғындары өркениеттен жұрдаймыз деп шу шығарды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шағын шаһардың халқы 20 жылдан астам уақыттан бері айра-жайра болып жатқан ғимараттардың қирандылары мен жарық, жол мәселесін айтып шағымданып отыр. Жергілікті жұрт қордаланған әлеуметтік жағдайды талай рет көтерген. Сан мәрте көмек сұрап, әкімдіктің табалдырығын тоздырыпты. Нәтиже бомаған соң тілшілерге жүгінуге мәжбүр болған.

Блиц:

– Дым жоқ. Жарық та жоқ. Ит деген өріп жүреді.

– Адам соғыспақ түгілі бауыздап өлтіріп жатса да тәртіп сақшысы келмейді. Таппайсың! Оқушылардың автобусы да жүрмейді. Бірде жүреді, бірде жүрмейді.

Бұл моно қала – Қаратаудағы темір жолдың арғы бетінде тұратын жұрттың жан айқайы. Еститін құлақ болса, шешілмеген мәселе шаш етектен мұнда. Тұрғындар айтқан бірінші проблемадан бастайық...

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

– Бұл жер – ескі ет комбинатының орны. Тоқырау жылдары жекенің қолына өтіп, қожайындары қажетті құрылыс материалдарын бұзып алып кеткен. Қазір көріп тұрғандарыңыздай, қабырғалары қақырап, қирандылары үйілген күйі жатыр. Тұрғындардың айтуынша, бұл жер қазір қаңғырған иттер мен түн кезіп тентірегендердің мекеніне айналған.

Ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де, ет комбинатының орнында малдың сүйек-саяқтары мен қалдықтары әлі күнге дейін шашылып жатыр. Тазартылмаған. Қаңғырған иттер осының иісіне жиналса, бұзақылар биік қабырғаларын тасалайтын көрінеді. Ал дәл осы жер тұрғындар мен оқушылардың күнделікті жүретін жолы. Маңайда жарық орнатылмаған. Қала шетіндегі жұрт балаларын мектепке жалғыз жіберуге қорқады.

Дәметкен Сыпатаева, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Жанымызды шүберекке түйіп отырамыз. Шыны керек. Ет комбинатының жатысы мынау. Көшемізде ешқандай жарық жоқ. Ең кішкентай көше. Не жарық бермейді. Не қарамайды. Еш уақытта әкімшіліктен келіп көрген емес. Енді бала-шағаны шығаруға да қорқамыз.

Екінші проблема. Төңіректе қаңғырған иттер қаптап кеткен. Ұйыққан мақұлықтар тіпті адамға шабатын болыпты. Бұл жөнінде талай рет жауапты мекемелерге шағым айтылғанымен нәтиже жоқ. 

Лилия Боқабаева, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Өзімді қуалаған. Ұрып жатқанымызда, бір адам шықпайды. Қайдан адам шығады. Мына жерде адам жоқ. Әйтеуір жан кешті.

Қайрат Қоқымбаев, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Тола ит. Мына жерден өтсе, ананың ішінен шығады. Талай рет шақырдым. Өтірік болса, полицияға мен звондап айтқаным бар. Оларға айтсаң, ақша төлеңдер дейді. Ондай оқ-дәріге ақшамыз жоқ дейді.

Үшінші проблема. Оқушылар мен тұрғындарды мектеп пен орталыққа тасмалдайтын автобус тұрақты жүрмейді. Шағымданушылардың айтуынша, қоғамдық көлік әбден тозған. Ескі. Бірде жүрсе, бірде жүрмейді. Қорқынышты жолмен амалсыз жүруге мәжбүрміз дейді. Әсіресе күні қысқа қыс айларында қиналатындарын айтып отыр.

Бибісара Мелдебекова, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Автобус жоқ. Автобус жүргізсе қайтеді. Мына жолдарды жөндесе қайтеді. Жолдың барлығы нашар.

Қайрат Қоқымбаев, Қаратау қаласының тұрғыны:

– Әкімді шақырсаң, әкім елден қашады. Қазір осы жерге келсе болады ғой. Ол халыққа қызмет етемін деп тұрды ғой сол орынға. Ал олар халықтан қашады. Тығылып алады.

Әкімдік өкілдері келмеді емес, келді. Тұрғындар тараған уақытта. Негізгі деген мәселелер: жарық, қоғамдық көлік, шұқыр болған жолдар мен иттерге қатысты сауалды біз де қойдық. Әңгіме айта-айта, жауыр болған қирандылардан басталды.

Мақсат Рысбаев, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары:

– Қираған ғимараттарға байланысты ескертілген болатын. Осы уақытқа дейін қоршаймыз, тазалаймыз деп келді. Тазаланбауына байланысты шара қолданатын боламыз. Оқушыларды тасымалдау бойынша айтып өтер болсақ биылғы жылдың басынан мердігермен келісімшарт жасалып, заң талабына сай жылы жаңа автобустар алынды. Резервке тағы автобус қойылды.

Ал иесіз иттерді жоюға биыл аудандық бюджеттен 3 миллионнан астам теңге бөлінген. Былтыр қала бойынша 400-ден астам ит, 100 шақты мысық атылып залалсыздандырылған көрінеді.

Талғатбек Алтынбек, Талас аудандық ветеринарлық бөлім басшысы:

– Бізде проблема болып тұрған осы қала. Аудан тұрғындарының 50 проценті осы қалада. Ит, мысықтары бар оның ішінде. Сондықтан да қалаға да бюджетін бөлек қарап берсе, онда құба-құп болар еді.

Жылдар бойы жиналған проблемаларды айта берсең, шағын сюжетке сыйдыру мүмкін емес. Дегенмен жергілікті билік өкілдері жуық арада жарықты орнатып беруге кадрдан тыс уәде берді. Жолды да көктем шығып, күн жылынысымен жөндеп береміз деп отыр. Ал қираған ғимараттардың орнын тазалау жұмыстарына қатысты нақты жауап жоқ. Тек қожайындарына әкімдік тарапынан хаттама жіберіп, ескерту берумен шектелетін түрі бар.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы