377,29 418,90 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды

  • 113
  • UPD: 12:24, 16.01.2020

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өңірдегі халықты жұмыспен қамту орталықтарында болып, көп балалы аналармен кездесті. Облыс тұрғындарына 2020 жылға арналған атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілімен таныстырды. Сондай-ақ мемлекеттен көмек алып, өз кәсібін ашқан көп балалы отбасылардың шаңырағында болды.

Кентаулық Гүлмира Юлдашева – жеті баланың анасы. Балаларының барлығы кәмелеттік жасқа толмаған. 6 баласы мектепке барады. Кенжесі 4 жаста. Жолдасы жергілікті зауытта қара жұмысшы боп еңбек етеді. Жұмыссыз келіншек өткен жылы «Еңбек» бағдарламасына қатысып, тігіншілікті меңгеріп алған. Атаулы әлеуметтік көмектен бөлек, 505 мың теңге көлеміндегі мемлекеттік грантқа ие болыпты. Оған екі тігін мәшинесін сатып алып, тұрмысқа қажетті көрпе-төсек пен киім-кешек тігіп сатады.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Үлгілі мысал, атаулы әлеуметтік көмектің жалпы мәні тек қана ақшалай беру емес. Ақшамен қосымша біз отбасына жұмыспен қамту шараларын, гранты бар, шағын несие бар, қиын жағдайдын шығып кетуіне көмектесуіміз керек. Сондықтан біз жұмысқа тартылыңыздар, жеңілдетілген түрлері бар. Міне, Гүлмира ханым жеті баланың анасы. Бұл кісі 7 баланы тастап, басқа жаққа барып жұмыс істей алмайды. Үйінде мүмкіндік бар ма, бар. Не керек.Тігу қолынан келеді. Қараңызшы, көрпешелер қандай керемет. «Маған мынадай машина керек» деді. Сосын грантты алды. Мемлекеттің ұсынып жатқан мүмкіндігін пайдалану керек.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ісмер келіншек көздің жауын алатын мына дүниелердің барлығын бір өзі тігіп жатқан жоқ. Оған қолы босаған кезде күйеуі Әлішер көмектеседі. Осылайша, отбасылық кәсіп күннен күнге жанданып келеді.

Әлішер Юлдашев, Кентау қаласының тұрғыны:

- Кешке мен жұмыстан келемін. Тамағымды ішіп болғаннан кейін қолым бос. 3-4 сағат қасында отырып көмектесемін. Сағат 22:00-23:00-ге дейін. Күніне 5 көрпенің қабын тігуге болады. Еш қиын жері жоқ. Негізі машина тігуді әйеліме өзім үйреткенмін. Шешемнің өзі 30 жыл тігінші болған. Шешемнен көріп үйреніп алғам.

Істің көзін таба білетін келіншек тіккен затын өткізудің де жолын тапқан. Ол үшін Instagram, Facebook сияқты әлеуметтік желіні пайдаланады. Арасында базарға өткізіп тұрады.

Гүлмира Юлдашева, көп балалы ана:

Әр апта сайын жәрмеңке болады. Соған шығамын. Базарда киім сататын таныстарым бар, соларға өткіземін. Арасында базар басшылығымен келісіп, өзім де шығып қоямын. Сұраныс жақсы, шүкіршілік етеміз оған да.

Жауапты сала мамандарының айтуынша, биыл Түркістан облысында 93 мыңға жуық көп балалы отбасына жәрдемақы төленеді. Оның ішінде 50 мыңнан астам тұрмысы төмен отбасының балаларына кепілдендірілген әлеуметтік пакет беріледі. «Мектеп жасына дейінгі балаларға ай сайын тегін азық-түлік жеткізіледі. Әр тоқсан сайын гигиеналық заттар беріледі. Ал мектеп жасындағы балаларға ыстық тамақ пен жолақысы төленеді. Сонымен қатар тамыз айында мектеп құралдары мен киім-кешек үлестіріледі. Тек осының бәрін халыққа дұрыс жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек», - деді Түркістан қаласындағы халықты жұмыспен қамту орталығында көп балалы аналармен кездескен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министі Біржан Нұрымбетов.

Біржан Нұрымбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:

- Сондықтан осының бәрін реттеп, былтырғы қателерді жібермеуіміз керек. Түсіндіру жұмыстарын әлі де аудан, ауыл деңгейінде жалғастыра беру керек. Халыққа бірнеше рет бір нәрсені айтып жеткізе беру керек. Бүгіннің өзінде кейбір кісілер біліп сұрап жатыр, кейбірі не болады деп сұрап жатыр.

Сапар соңында Еңбек министрі жергілікті жердегі жауапты сала мамандарына түсіндіру жұмыстарын жалғастыра беруді тапсырды.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы