425.05 509.00 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Д.Назарбаева: Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын қайта қарау керек

  • 474
  • UPD: 15:36, 16.01.2020

Сенат төрағасы Дариға Назарбаева агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасын қайта қарауды ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені аталған салада өндірістің құлдырауы байқалып отыр. Қолда бар мүмкіндіктер де тиімді іске жаратылмай жатыр. «Қазір барлық өңдеуші кәсіпорындардың 45%-і ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, көптеген шешімдердің экономикалық негіздемелері көрінбейді», - дейді Сенат төрағасы.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен «ҚазАгро» басқару холдингінің басшылары қатысқан жиында сала мамандары қордаланған мәселелерді ортаға салды. Кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов агроөнеркәсіп кешенін субсидиялауға екі триллион теңге жұмсалса да, ешқандай өсім жоқ екенін тілге тиек етті. Агроөнеркәсіп саласы әлемдік межелерден айтарлықтай артта қалып қойған. Қазақстан әлі де болса, өңделген өнімді сырттан тасуға мәжбүр. Бұл азық-түлік қауіпсіздігіне теріс ықпал етеді.

Абылай Мырзахметов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы:

- Соңғы 5 жылда субсидиялау ережелері 47 рет өзгерді. Бұл қалыпты жағдайға айналды. Ұдайы өзгерістер енгізіледі, бірақ фермерлер оны түсініп үлгермейді. Өйткені шаруалар құжаттарды дайындағанша келесі түзетулер күтіп тұрады. Сонымен қатар мемлекеттік органдар арасында да жұмыс үйлеспеген. Жер ресурстары комитеті ауыл шаруашылығы жерлеріне жауапты болғанына қармастан, барлық актілерді берумен жергілікті атқарушы органдар айналысады. Сондықтан бұл базаны тәріпке келтіру керек.

Иван Сауэр, агрофирма директоры:

- Әр қиырдан ангус етін іздеуді қойып, отандық тұқымды дамыту керек. Яғни, қазақтың ақ бас сиырын өсіруді қолға алған жөн. Ол біздің қатаң табиғатымызға жақсы бейімделген. Оған ешқандай инфрақұрылым салудың қажеті жоқ. Еті де дәмді, жыл он екі жайылып жүре береді. Егістікпен айналысатын шаруаларға әлемдегі секілді 2-3%-пен несие беріңіздер, сонда мемлекет 60-70% қаржыны үнемдейтін болады. Адамдарды пара беруге емес, ақша табуға үйрететін жүйені енгізу керек.

Хабар 24 телеарнасы