380,19 420 6.10
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысында көлікті мас күйінде тізгіндеу азаймай тұр

  • 75
  • UPD: 20:57, 16.01.2020

Президенттің пәрменімен көлікті мас күйінде тізгіндегендерге жаза күшейді. Бірақ бұл бастама асқанға тосқан болар ма екен?

Соңғы 5 күн ішінде, яғни заңнамадағы жаңашылдықтар күшіне енгелі 92 жүргізуші алкогольдік ішімдік ішіп, көлік айдаған. Соның бірі жол апатына ұшырап, салдарынан 1 адам көз жұмды.

Ақмола облысында заң күшейтілгелі бері ішімдік ұрттап рөлге отырған 9 жүргізуші ұсталған. Олардың екеуі қазір қамауға алынды. Мәселен, Целиноград ауданына қарасты Мәншүк ауылының 31 жастағы тұрғыны темір тұлпарды түн мезгілінде мас күйінде тізгіндеген. Енді ол да 5 мың айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді немесе 5 жылға сотталады. Ал, бірінші рет ұсталғандарға да жаза жеңіл емес. 

Серік Баймұқанов, облыстық жергілікті полиция қызметі басқармасының басшысы:

- Өткен тәуліктің өзінде осындай 5 дерек тіркелді. Олар Бурабай, Біржан Сал, Целиноград аудандары және Степногорск қаласында ұсталды. Енді ол жүргізушілер 15 күнге қамауға алынып, көлік жүргізу құқығынан 7 жылға айрылады. 

Ал Қарағанды облысында бір аптаның ішінде мас күйінде көлік жүргізген тағы екінші азамат ұсталды. Теміртау қаласында «Лада» автокөлігін басқарған 22 жасар жүргізуші полицейлердің қолына мас күйінде түскен. Енді ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 8 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Естеріңізге сала кетейік, таяуда Қарағандыда тағы бір жүргізуші мас күйінде ұсталған болатын. 37 жастағы азамат бірінші рет 2018 жылы сот шешімімен көлікті басқару құқығынан айырылған еді. 

Алмаз Жәкенов, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

- Өткен жылы Қарағанды облысы аумағында мас жүргізушілердің кінәсінен 21 жол көлік оқиғасы орын алды. Нәтижесінде 7 адам қаза болып, 24 адам түрлі жарақаттар алды. Полиция департаменті биылғы жылдан бастап мас күйінде көлік басқарғандарға қатысты заңға  өзгертулер енгізілгендігін  ескертеді. 

Алматы облысында соңғы екі күннің өзінде ішімдік ішкен 8 жүргізуші ұсталған. Олардың үшеуі заңдағы жаңа өзгерістерге байланысты енді бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Соңғы дерек Талдықорған қаласында тіркелген. 14 қаңтар күні полицейлер «Хюндай Акцент»  автокөлігін мас күйінде басқарған 37 жастағы ер адамды ұстаған. Ол дәл осындай заңбұзушулығы үшін былтыр сот шешімімен 3 жылға дейін көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Енді ол осы әрекеті үшін өмірінің 5 жылға жуығын темір торда өткізуі мүмкін. 

Аймақтағы тілшілер көмегімен Дамир Берікұлы

Хабар 24 телеарнасы