375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жамбыл облысында бірқатар ауыл жол азабын тартып отыр

  • 135
  • UPD: 22:15, 16.01.2020

Жамбыл облысындағы Талас және Жамбыл аудандарындағы бірнеше ауыл талай жылдан бері жол азабын тартып келеді. Қос ауданды жалғайтын жалғыз көпір де зорға тұр. Сол себепті бұл маңдағы елді мекендерге қоғамдық көлік қатынамайды. Айран, сүт, ірімшік пен майын сатып, күнелтіп отырған шалғайдағы жұрт үшін қазір орталыққа жету мұң. 

Жергілікті маңыздағы Ерназар-Қойгелді автожолының тоз-тозы шығып кеткен. Қос ауданды жалғап жатқан тас жол кеңестік кезеңнен бері жөнді жөндеу көрмепті. Ал кейбір бөлігінде асфальт мүлдем төселмеген.

Руслан Бақытбекұлы, тілші:

- Осы жолдың бойындағы Аса өзенінің үстінен өтетін мына жалғыз көпір қазір апатты жағдайда. Көктемде өзен тасыған уақытта онсыз да қирағалы тұрған көпірдің бір бөлігін су шайып кеткен. Сараптама жасалып бұл жермен ауыр жүк көліктеріне жүруге тыйым салынған. Алайда көріп тұрғандарыңыздай маңайда бірде-бір қауіпсіздік белгілері орнатылмаған. Дегенмен, жергілікті жұрт бұл жермен амалсыз жүруге мәжбүр.

Қыста ой-шұқырларды қар басып, қозғалыс жеңілдейді. Ал жаз айларында бұл тастақпен жүру қиынның қиыны» дейді ауыл тұрғындары. 

Бауыржан Нұрымбетов, ауыл тұрғыны: 

- Осы ауылдың тірлігі мына қаратау арқылы күн көріп отыр, барлығы сүт апарады, продуктыны осында алып келеді. Жолды көріп тұрсыздар ғой қандай екенін. Ұсыныс талай айтылды. Әкімшілікке, ауданға, облысқа барамыз, хабар жоқ. Нәтиже жоқ. Неше жылдан бері айтылып келе жатыр.

Лидия Сушкова, ауыл тұрғыны:

-  Автобус тоқтағалы ауыл тұрғындарына тіпті қиын болды.Студент балаларымыз ауылға келе алмай отыр.  Әркімнің жеке көлігі жоқ. Такси жалдауға тура келеді. Оған бірдеудің мүмкіндігі бар. Біреуде жоқ. Мәселен, мен сияқты зейнеткерлердің қалтасы қайдан көтерсін?!

Ал әкімдік өкілдері аталған жол биыл жөнделетінін жеткізді. Оған облыстық және аудандық бюджеттен 82 млн теңге бөлініп қойған. Құрылыс жұмыстары күн жылынысымен басталады деп отыр. Жауапты мамандардың айтуынша жұртты азапқа салған мәселе қыркүйек айында толық шешілетін көрінеді.

Берік Кемел, Талас ауданы әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:

- Аталған жол бүгінгі таңда жүз пайыз жарамсыз, себебі әлі жөнделмеген жол. Ең приаритетный жолдар деп айтамыз ғой, біз сол жолдарға аса мән береміз да ол жол бізде шетте қалып қалды. Алайда, аудан тарапынан осы жолға көңіл бөлініп, осы жылы 100 пайыз жөнделеді.

Талас ауданында 23 елді мекен жолдарының отыз процентке жуығы ескірген. Биыл бұл бағыттағы жолдарды жөндеуге бюджеттен 615 млн теңге қаражат қарастырылып отыр. Ал апатты жағдайдағы көпірді қалпына келтіруге  жобалық-сметалық  құжаттар  дайын. Көпірді жөндеу жұмыстары сәуір айында басталмақ. 

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Тимур Сейілхан, Руслан Ахатіллә

Хабар 24 телеарнасы