376,84 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандарды тасымалдауда мәселе көп

  • 102
  • UPD: 08:43, 17.01.2020

Алматыда 43 мың мүмкіндігі шектеулі жан тұрады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 1500-ден астамы өздігінен қозғала алмайтындықтан, қала ішіне тасымалдайтын арнайы көлік қызметін пайдаланады. Мемлекеттік сатып алу арқылы жүзеге асатын қызмет сапасына көңілі толмаған мүгедек жандар әлеуметтік желіде шағымданған еді.

Ернар Сәрсеев инватакси қызметін 10 жылдан бері пайдаланып келеді. Ол қаңтар айының басынан бері арнайы көліктердің өзгергенін байқаған. Артынша қызмет көрсететін компанияның ауысқаны анықталды. Түрі өзгергені ештеңе емес дейді мүмкіндігі шектеулі жан. Көліктерде ең қажетті нәрсе – қауіпсіздік ескерілмеген. Торланып жасалған пандустары арба мен адамның салмағын көтеруі екіталай дейді ол.

Ернар Сәрсеев, қала тұрғыны:

– Көліктер дұрыс жабдықталмаған. Арбаны бекіту тетігі стандартқа сай емес. Пандустардың жақтауы болмағандықтан, арба шетке сырғанап кетуі мүмкін. Тіпті пандусқа міну қиын, өйткені кедергі бар.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың шағымына байланысты қалалық әлеуметтік әл ауқат басқармасы арнайы комиссия құрып, қайта жабдықталған көліктерді тексерген. Нәтижесінде көліктерді қайта жабдықтауда ақаулар анықталды. Ал мемлекеттік сатып алу барысында барлық құжат талапқа сай болған еді дейді әкімдік өкілі.

Ләззат Жетібаева, қалалық әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары:

– Мүгедектерге қызмет көрсететін жаңа компания жұмысына кіріскен сәттен бастап бірнеше шағым түсті. 15 көлікке тексеру жүргізілді. Нәтижесінде,оларда арбаларды бекітетін құрал болмады. Қауіпсіздік белбеуі бар, бірақ мүмкіндігі шектеулі жандарға қажетті деңгейде бекітілмеген. Қызмет сапасы біздің бақылауымызда. Бәрі заң шеңберінде шешімін табады.

Дегенмен қайта жабдықталған көліктердің қауіпсіздік талаптарына сай техникалық құжаттары бар. Қалалық полиция департаменті арнайы сертификат та берген. Комиссия анықтаған қателіктер жөнделуде, - дейді компания өкілдері. Ал, пандустары 70 келі тартатын арба мен екі адамды көтеретініне көз жеткіздік.

Ұлан Іңкәрбеков, Бостандық аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы:

– Бұрынғы көліктерден айырмашылығы, бұрын микроавтобустар жүрсе, қазір жеңіл көліктер жүреді. Бізде бір үлкен спринтер автобус бар. 3-4 арбаны алып кетеді. Біздің көліктерде 1 ғана арба отырады. Жанында көмекшісіне орын бар. Біздің проблема – көліктердің бәрін тоқтата алмаймыз, бәрі рейсте жүр.

Тағы бір айта кетерлігі, бұрын қала бойынша 10 инватакси болса, қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға 15 арнайы көлік қызмет көрсетеді. Демалыс күндері мен түнгі уақытта да кезекші жүргізушілер қажетті жерге апарады. Қызмет көрсетуші компания инватаксилердің қоғамдық көліктерге арналған арнайы жолақпен жүру үшін қала әкімдігіне өтініш жасапты. Алдағы уақытта ерекше қажеттілігі бар жандар қаланың кептелісінде тұрмай, діттеген жерлеріне тез жетеді деген үміт бар.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Сержан Жұмабаев

Хабар 24 телеарнасы