423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Индустриалды сертификаты жоқ тауар өндірушілер мемлекеттік сатып алуларға қатыса алмайды

  • 525
  • UPD: 09:15, 17.01.2020

Бұл өзгеріс қаржы министрінің бұйрығымен өткен жылдың ортасында енгізілген еді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алғашқы кезеңде жиһаз және жеңіл өнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлер өз өнімдерінің сапасын куәландырса, біртіндеп басқалар да аталған құжатты алуы тиіс болатын. Алайда батысқазақстандық жиһаз жасаушылар тың талапқа дайын болмай шықты. Жарты жыл ішінде Орал өңірінен бірде-бір кәсіпорын сертификатқа қол жеткізбеген. Керісінше, мемлекеттік сатып алу арқылы күн көріп жүрген жеке кәсіпкерлер тірлігінің тұралап қалғанын айтады.

Кәсіпкер Біржан Қожақов – бірінші топтағы мүгедек. Сал ауруына шалдыққан балаларға вертикализаторларды тегін таратып, атымтай жомарттығымен аты шыққан азаматтың өзі қазір көмекке зәру. Себебі жұмыс жоқ. Бұрын мемлекеттік сатып алуларға қатысып, мектеп-балабақшаларға, емдеу мекемелеріне жиһаз жасайтын. Енді порталға кіре алмайды.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

– Қазіргі таңда 7-8 кісі қалды. Жұмыс жасайтын бұрын 35 адам еді, көпшілігін өз есебінен еңбек демалысына жіберіп отырмыз. Енді осы нан тақтайлар мен сандықтарды соларды сатып отырмыз. Үнемі той бола бермейді ғой. Кімге барып жалынамыз, кімнің алдына барамыз. Әбден тығырыққа тіреді осы. Тек қана біздің облыс емес, Қазақстан бойынша сияқты проблема.

Қазір кәсіпкер индустриалды сертификат алудың қамымен жүр. Бірақ ол оңай шаруа болмай шықты. Алдымен сәйкестік сертификатына қол жеткізу қажет екен. Ол үшін жүздеген жиһаз үлгісін Нұр-Сұлтан қаласына апарып, сынақтан өткізу керек. Жақын жерде басқа зертхана жоқ. Тиісті қорытынды алған соң, осы сала қауымдастығының мамандары орталықтан келіп, кәсіпорынды көруі тиіс. Сала құлаш құжат жинау тағы бар. Мұның бәріне он миллиондай қаржы кетеді дейді кәсіпкер.

Біржан Қожақов, кәсіпкер:

– Келген мамандардың келіп-кетуін төлейміз. Жиһаз жасап апарамыз, фура жалдаймыз. Оның өзі Оралдан Нұр-Сұлтанға дейін кем дегенде 250-300 мың. Оның бәрі қаражатқа тіреледі. Осы проблема болып тұр.

Индустриалды сертификат «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы беріледі. Күні бүгін өңірде машина жасау және жеңіл өнеркәсіп саласында 5-6 кәсіпорын ғана өнім сапасын куәландырған.

Мұрат Қадырбеков, «Қазақ соқырлар қоғамы» ОӨК директоры:

– СТ-KZ өту керек. Сосын дипломдары керек. Қазір дипломдары жоқ жұмысшылар көп. Онсыз тағы өте алмайтын сияқтымыз. Білмеймін шынын айтқанда, қалай істеу керек?

Өзекті мәселе өзге де жиһаз жасаушыларды айналып өтпеген сыңайлы. Әзірге бірде-бір оралдық кәсіпорын аталған құжатқа қол жеткізбеген.

Райса Рахметова, кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалының сарапшысы:

– Жиһаз жасау бағыты бойынша әзірге бізге өтінім түскен жоқ. Сертификат тек тауарға емес, қызмет пен жұмысқа үш жылға беріледі. Жабдықтар жаңартылса, болмаса техникалық процестер өзгерсе жыл сайын актуализацияға өтініш береді. Мақсат – сапалы өнім шығаратын кәсіпорындарды анықтап, білікті жеткізушілердің бірыңғай реестріне қосу.

Өнім сапасын арттырып, тауарлар мен қызмет қауіпсіздігін қамтамасыз етуді мақсат тұтқан өзгерістердің қажеттігімен жиһаз жасаушылар келіседі. Алайда мемлекеттік сатып алумен ғана жан бағып жүрген кәсіпкерлерге тың талаптарды жеңілдетудің жолдары табылса дейді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов

Хабар 24 телеарнасы