376,84 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


10 мыңнан астам алматылық алименттен жалтарып жүр

  • 221
  • UPD: 11:03, 17.01.2020

Алматыда алимент төлеуден жалтарып жүрген 10 мыңнан астам борышкер бар, деп хабарлайды «Хабар 24» тілшісі.

Соның ішінде 120 адамның қарызы миллиардтаған теңгеден асады. Әккі әкелер алимент төлемеу үшін небір қитұрқы әрекеттер ойлап табады екен.

Юлия Бахтинаның ажырасып кеткен күйеуінен алимент төлете алмай әуреленгені біраз болпты. Балалардың әкесі олардың жағдайын ойлап, ешқашан уайымдамаған. Оның бүгінге дейін алименттік төлем қарызы 6 миллион теңгеге асып кетіпті. Екі баланың анасы 10 жыл бойы бұрынғы күйеуінен алимент төлете алмай әлек болып жүргенін айтады. Ол әрдайым не басында баспана, астында көлігі, тұрақты жұмысы жоқ деген ақпарат алумен келеді. Шын мәнінде жалпы борышкерлердің жағдайы мүлдем басқа болып шығады.  

Юлия Бахтина, қала тұрғыны:

– Оның Тараз қаласында тұрып, сол жердегі техникалық жөндеу орталықтарының бірінде жұмыс істегенін анықтадық. Бірақ ол жұмыс берушілерден өзі туралы ешқандай мәліметті бөліспеуді, жалақысын жасыруды сұраған. Үнемі табысын жасырып келді. Маған әрине балаларды жалғыз өзіме бағып-қағу оңай болған жоқ. Оларды асырау үшін қосымша жұмыс та істедім.

Юлия бұрынғы күйеуіне балаларына жаны ашымағаны үшін әбден күйініп, оның заңмен жазалануына қол жеткізді. Ол 1 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Жалпы соңғы 5 жылда елімізде алимент төлемінен жалтарған 500-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 

Әнуар Жексеков, қалалық әділет департаментінің бас маманы:

– Борышкерлер өндіріп алушылармен келісіп, қарызы 1-2 млн болса да келісіп, «маған 2-3 ай бер, ол ақшаны төлеп, бүкіл қарыздарыңнан құтылатын боламын деп», соған өндіріп алушылар сеніп, борышкерлерге уақыт беріп, қылмыстық жауапкершілікке беру туралы арыздарын қайтарып алады.

Көп жағдайда әйелдер бұрынғы күйеулерін дауға қиса да жауға қимай, қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін арызданбайды. «Жаздым жаңылдым, кешіре көр, алиментіңді төлеймін» деп, үйіп-төккен уәдеге сенеді. Бірақ сенген қойым сен болсаң дегеннің кебі баяғы.

Ал өзінің ұрпағының болашағына алаңдамаған, жауапкершілігі жоқ әкелерден алимент өндіру үшін заң талаптарын күшейту керек, дейді заңгерлер. 

Полина Габдрахманова, заңгер:

– Мейірімсіз күйеу отбасыға сүйеу бола алмайды. Сондықтан әйелінен ажырасып, артынан алимент төлемей жүрген еркектерге қатысты заң талаптарын күшейту керек. Заң осал болған соң олар да әкімшілік жауапкершіліктен қорықпайды. Жаза қатаң болса, олар төлемнен жалтармайтын болады.

Заңгер борышкерлер өздерінің тұрғылықты мекенжайлары туралы мәліметті жиі ауыстыратындығын айтады. Бұл жағдай оларды қатағалауды қиындатады. Қазір Алматының өзінде 10 мың алимент төлеуші болса, 118 адам жауапкершіліктен қашып жүр. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Радик Жақыпов, Эдуард Кон

Хабар 24 телеарнасы