375,87 406 5,86

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбе көшелерін қардан тазалау мардымсыз жүргізілуде

  • 141
  • UPD: 22:04, 17.01.2020

Ақтөбеліктер де омбылап, қар кешіп жүр. Тіпті жаяу жүргінші жолдарына мұз қатқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тазалау жұмыстарын мойнына алған мердігер мекемелерде жұмысшы да, техника да жеткіліксіз. Бұл туралы арнайы рейд жүргізген «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мамандары мәлімдеді. Жауаптылардың шамасы жетпеген соң волонтерлар көмекке келген. Еріктілердің көмегі сол, жолға тұз сеуіп жүр.

Жаңа жылды Лидия Мирошниченко аурухана кереуетінде қарсы алды. Мерекеге дастарған жаюды ойлап, үйдің қасындағы дүкенге бет алған сәтте зейнеткер мұзда тайып жығылған. Нәтижесінде тобығы сынып, операция жасауға тура келді.

Лидия Мирошниченко, қала тұрғыны:

Дәрігерлер бірден аяғымды таңып тастады. Мерекелік демалыс күндері өткеннен соң операция жасалды. Бүгін амандық болса үйіме қайтамын.

Дәрігерлер «көктайғақтың кесірінен дамыл таппай отырмыз», дейді. Күніне бір аурухананың өзіне 120-ға жуық азамат аяқ-қолын сындырып келетін көрінеді. Соңғы екі аптаның ішінде облыстық жедел медициналық жәрдем ауруханасына 1200 адам түскен.

Ерғали Базарқұлов, травматология бөлімінің меңгерушісі:

- Қазір біздің бөлімшеде 63 емделуші бар. Жарақаттанған азаматтар көп болғандықтан, операция жасаған соң 2-3 күннен кейін амбулаториялық ем қабылдау үшін үйлеріне қайтарамыз.

Көшедегі көктайғақ қала тұрғындарының қатынауын қиындатты.

Блиц 1:

- Қаланы тазалап жатқанын көріп тұрған жоқпыз. Өздеріңіз көріп тұрсыздар ғой. Ана тротуарда жүру өте қиын.

Блиц 2:

- Тазартпайды. Адамдар құлап жатыр, травматалогия науқастарға толып кетті.

Сенім артып, көшенің қарын тазарту жүктелген мекемелерден қайыр болмаған соң істі еріктілер қолға алған. Николай Гудковтың айтуынша, жол бетіндегі мұзды ерітуге қарапайым аспаздық тұз да жарайды.

Николай Гудков, волонтер:

- Қалада өндірістік тұз таусылып қалды. Таптырмай отыр. Сондықтан осындай аспаздық тұз сатып алып, сеуіп жүрміз. Оның да көмегі біраз.

Әлеуметтік желілерде тұрғындардан көптеген арыз-шағым түскен соң «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мамандары рейдтік шаралар ұйымдастырды. Олардың айтуынша, биыл облыс орталығынан қар шығару жұмыстарына 819 миллион теңге бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен екі есе көп болғанымен, атқарылған жұмыстар мардымсыз.

Жанболат Тұртаев, «Ақтөбе – адалдық алаңы» жобалық кеңесінің басшысы:

- Бүкіл 8 мердігерде 160-ақ жұмысшы. Қалада 5,5 млн шаршы метр жолдың барлығында қазіргі кезде жұмыстарын толыққанды жүргізіп жатқан жоқ.

Қалалық коммуналдық шаруашылығы бөлімі мамандары болса, жағдай қалыпты деуден танбай отыр.

Данияр Аймағамбетов, қалалық ТКШ жетекшісі орындасарының м.а.:

- Қар аршу техникалары күндіз-түні жұмыс жасап жатыр. Біздің өзіміздің мекеме тарапынан мамандар күндіз-түні кезекшілікте. Бірінші кезекте магистральді көшелер, ол жаңағы мына автобус жүретін көшелер тазаланады.

Қалай болғанда да, мердігер мекемелердің жүктелген міндетке атүсті қарап отырғанын жергілікті билік мойындайды. Тіпті бірнеше мекемені әкімшілік жауапкершілікке де тартқан. Тазалау жұмыстарын тиісті деңгейде атқармаған үшін олар 53 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуі тиіс.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы