379,75 415,08 5,78

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздің солтүстігінде қарлы боран алдағы уақытта қайталануы мүмкін

  • 236
  • UPD: 21:52, 17.01.2020

Қыс қаһарына енді мінген сыңайлы. Кешелі бері алай-түлей боран елдің біраз өңірінде әлек салып, қозғалыс қиындады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар сабақтан, жолаушылар жолынан қалды.

Бірқатар өңірде трассалар жабық тұр. Ұшақ рейстері де кешеуілдеп жатыр. Желдің екпіні кей аймақтарда секундына 30 метрге дейін жетті. Арқаның ақтүтек бораны көз аштырмай, елордалықтарды да әуреге салды.

Елорда әуежайы кешелі бері абыр-сабыр. Жүздеген жолаушы діттеген жеріне уақтылы жете алмай отыр. Әуе компанияларының қызметкерлері мандытып ештеңе айтпаған. Жолаушылар соған ашулы.

Блиц 1:

- Себебі ешкім еш нәрсе айтқан жоқ. Хабарлама жіберетін еді, оны да жіберген жоқ. Ұялы телефоным өзімде, хабарлама әлі келген жоқ.

Блиц 2:

- Ешқандай себебін түсіндірген жоқ. Анау кешіктік, сағат 4-тен кейін ұшамыз деді. SCAT қой.

Қарлы боран әуежай қызметкерлерін әбден әбігерге салды. Олар «қатты желдің кесірінен ұшақтарға қажетті сұйықтық құя алмадық», дейді. Кейбір өңірде қалың тұман. Соның кесірінен 34 рейс кейінге шегеріліпті.

Жеңіс Ахметжанов, Nursultan Nazarbaev халықаралық әуежайы баспасөз қызметінің PR-менеджері:

- Ауа райының қолайсыздығына байланысты қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында рейстер кешігіп жатыр. Оның саны – 34. Оның жетеуі халықаралық, 27-сі ішкі бағыттағы рейстер. Ұшып келуге 18 рейс кешігіп жатыр. Олар Air Astana, FlyArystan, Qazaq Air және SCATәуе компанияларының рейстері. Олардың кешігу себептері басқа қалалардан кешігіп жатуына байланысты шегеріліп жатыр.

Мамандар боранның аздап болса да, басылғанын күтіп отыр. «Оған дейін жолаушылардың да кідіре тұруына тура келеді», дейді. Осы ретте қаладағы көлік жолдарына да шектеу қойылған. Ал коммуналдық қызмет өкілдері түннен бері қалың түскен қарды жинаумен әлек.

Синоптиктер «ертең күн жылына бастайды» дейді. Бұрқасын тоқтайды. Бірақ көктайғақ сақаталады деп отыр. Сондықтан тұрғындарға абай болуды ескертеді.

Лаура Қанат, «Қазгидромет» РМК инженер-синоптигі:

- Нұр-Сұлтан қаласында бүгінгі күні байқалып жатқан бұрқасын және қатты екпінді жел алдағы түнде сақталады. Ал 18 қаңтарда осындай жел бәсеңдейді және бұрқасын байқалмайды.

Еліміздің солтүстігінде қарлы боран алдағы уақытта қайталануы мүмкін. Ал оңтүстік аймақты қалың тұман басады. Ақпан айында да күннің күрт суытуы әбден ықтимал.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Әділғазы Төлеміс

 

Хабар 24 телеарнасы