377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылорда облысында оқушылар мектепке бару үшін 15 рельсті кесіп өтеді

  • 266
  • UPD: 21:54, 17.01.2020

«Темір жолды жағалап топ бала жүр». Бұл – «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаланың тақырыбы.

Онда Қызылорда облысының Арал ауданындағы Сексеуіл кентіндегі жағдай жазылған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушылар мектепке бару үшін жанын шүберекке түйіп, 15 рельсті кесіп өтеді. Осыған ауыл тұрғындары алаңдаулы. Мақала жарық көрген соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тиісті тапсырма берген. Содан бері сең қозғалды ма?

Сексеуіл кетіндегі №87 мектепте 865 оқушы екі ауысыммен білім алады. Олардың 400-ден астамы темір жолдың арғы бетінен қатынайды екен. Мектеп жанында жаяу жүргіншілерге арналған өткел бар. Дегенмен, кейбір балалар жолды қысқартқысы келіп, 17 рельсті кесіп өтеді.

Сəнім Төреханова, 9-сынып оқушысы:

- Өзіміз сақтықпен жүрсек те, қанша үлкен болсақ та, артымыздан еріп келе жатқан балалар бар. Менің өзім үйімдегі іні-сіңлілерімді мектепке апару үшін қасымда арнайы ертіп жүруім керек. Сол себепті, жалпы мектеп тарлық етпесе де, өзіміздің жағдайымыз үшін, денсаулығымыз үшін, болашағымыз үшін алаңдап, осы Шанхайға мектеп салуларыңызды арнайы сұрап отырмыз.

Нұрсəуле Арғынəлиева, 9-сынып оқушысы:

- Біз түгілі кішкентай бастауыш балалардың өздері өтеді. Яғни, оларға қатты қиындық тудырады деп ойлаймын. Сондықтан жеңілірек болу үшін бізге мектеп керек. Онымен қоса, Шанхай беттегі оқушы саны да көбейіп келе жатыр.

Жалпы Сексеуіл кентінде барлығы 3 мектеп бар. Бұл білім ұяларында 3 мыңнан астам бала оқиды. Қыс айларында күн ерте батып, екінші ауысымдағы балалар үйлеріне жетуі үшін қараңғыда 1,5-2 шақырымдай жол жүреді. Мұғалімдер олардың қауіпсіздігін үнемі қадағалау мүмкін емес екендігін айтады.

Бектұрған Таласбаев, №87 мектеп директоры:

- Баланың аты бала, кейде жолда тепловоздар тұрған жерден, соның алдынан өтеді. Мына тұрған пойыздардың астынан өтіп кететін балалар болады. Сондықтан олардың өміріне де қауіпті жағдайлар болады осындай.

Рыскүл Әлсейітова, мұғалім:

- Жақында ғана осы баспасөзден Президентіміз Қ.Тоқаевтың 13 жолда жағалап жүрген балалар туралы айтқанын, сол мақалаға байланысты өзінің ойын білдіргенін оқып қуанып қалдым. Әсіресе, қыста өте ауыр, біз қатты қиналамыз мұғалімдер. Сабақтан кейін қайтпаймыз. Жетінші сабақты күтіп отырып, аспалы көпірмен балаларды қолынан ұстап шығарып саламыз.

Бұрыннан тоғыз жолдың торабы болған бұл станция «Бейнеу – Жезқазған» темір жолы пайдалануға берілгелі тіпті маңыздылығы артты. «Елді мекеннің әлеуеті көтеріліп, әлеуметі де көбейіп келеді», - дейді жергілікті тұрғындар. Сондықтан мәселені шешуге пәрмен берген Президент тапсырмасына сексеуілдіктер үлкен үмітпен қарайды. Дегенмен, бұл бағытта нақты қандай шаралар қолға алынып отыр? Оны облыс әкімдігінен сұраған едік.

Наурызбай Байқадамов, облыс әкімінің орынбасары:

- Осы балалардың жеке бас қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кенттің сол екінші жағынан 300 орынды мектеп салуға сметалық құжаттамалары дайындалды. Енді осы биылғы бекітілген бюджеттің алғашқы нақтылауында, ақпан айында нақтылау болады, сол кезде қаржы бөлініп, құрылыс басталады.

Айтулы мәселені облыс әкімі де назарда ұстап отыр екен. «Биыл қаржысын бөліп, мектеп құрылысын кешеуілдетпей шешуге ниеттіміз», - дейді мамандар.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамед Байділдаев

Хабар 24 телеарнасы