430,69 515.14 5.65
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сайрам ауданында 23 елді мекен көгілдір отынсыз күн кешіп келеді

  • 703
  • UPD: 23:23, 17.01.2020

Түркістан облысының Сайрам ауданында 23 елді мекен көгілдір отынсыз күн кешіп келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұндағы халық күнделікті ас дайындау үшін электр қуаты мен газ баллонға тәуелді. Ал үйді жылытуға тонналап көмір сатып алады.

«Ауылға табиғи газ келсе, бұл күйбең тіршіліктен арылар едік», дейді олар. Сайрамдықтарға газ қашан беріледі?

Бұл ауыл тұрғындарының тіршілігі таңертеңнен қара кешке дейін бір бағытта өрбиді. Үйді жылытып әрі ас дайындау үшін Марипат секілді аналар күніне он шелектен астам көмір тасып жағады. Қыс мезгілінде қатты отынды сырттан үйге тасуда азап деген ол, осылай жан бағуға тура келетінін айтады. 

Марипат Әбдікәрімова, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Күнде осы көмір тасып, пешті жағамыз. Күлін шығару да оңай емес, әрине. Газдан үмітіміз бар. Үйде бала-шаға, қарт кісілер бар. Күн суықта жақсы болар еді бізге газ болса. Тамақтың барлығын осында істейміз, пешке. Газ болғаны жақсы, тазалыққа да жақсы.

Көлкент ауыл окргугіне қарасты Ақсуабат елді мекенінде 5 мыңнан астам тұрғын бар. Мұнда мектеп, балабақша мен фельдшерлік-амбулаторлық тірек жұмыс істейді. «Ауылымызды өркениеттен тыс қалған деп те айтуға аузың бармайды. Дегенмен, көгілдір отынды күткенімізге көп болды», -дейді қариялар.

Жауланбек Әбубәкіров, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Газды күтіп отырмыз ғой. Бізден бұрын әйелдеріміз күтіп отыр. 1 жылға 15 тонна көмір кетеді. Ол 200 мың теңгенің үстінде болып жатыр ғой. Газ келсе, одан жеңілдеу болар еді.

Тұрсынқұл Исмайылов, Сайрам ауданының тұрғыны:

- Газ керек. Өте зарлы болып тұр. Біз баллон газға анау жаққа барып жүреміз. Машинамен алып келеміз. Газ келсе, жақсы болар еді.

Жергілікті билік өкілдерінің сөзіне сенсек, «Ақсуабаттықтардың табиғи газға қосылатын кезі алыс емес», дейді. Қазір ауылды газдандыруға жұмсалатын қаражат мәселесі шешілуде екен. Ол үшін қазынадан 771 миллион теңге бөлінуі қажет. Негізінен Сайрам ауданында көгілдір отынды күткен бұл ауыл ғана емес.

Мәди Нұрлыбаев, Сайрам аудандық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Ауданымызда 42 елді мекен бар. 42 елді мекеннің 19-ы табиғи газбен қамтамасыз етілген. 2017-2018 жылдар аралығында 12 елді мекенге газдандыру жұмыстары жүргізілген. Қазіргі таңда 2019-2020 жылдар аралығында екі елді мекенге газ жүйелері тартылуда. Қазіргі таңда 9 елді мекенге 5 млрд 333 млн теңге қажет етіп отыр. Егер қаражат мәселесі шешілетін болса, онда ауданымыз 100% қамтамасыз етіледі.

Яғни, 2021 жылы аудандағы барлық елді мекендер 100% табиғи газбен қамтылатын болады. Қазір көгілдір отыны жоқ ауылдарға жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Енді тек халыққа әліптің артын бағу қажет.

Авторлары: Нұрбек Байбосын, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов

Хабар 24 телеарнасы