426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


РФ СІМ «Жусан» операциясына жоғары баға берді

  • 499
  • UPD: 23:26, 17.01.2020

Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Қазақтанның өз азаматтарын Сирия мен Ирактың қауіпті аймақтарынан қайтару тәжірибесіне жоғары баға берді.

Министр Сергей Лавров «бұл өз азаматтары алдындағы міндетін мінсіз орындаған тәуелсіз мемлекеттің батыл қадамы» деді.

Үкіметтің жаңа құрамы бекітілуіне дейін Ресей Сыртқы істер министрі қызметін атқаратын Сергей Лавров өткен 2019 жылғы елдің сыртқы саясатын қорытындылады.

Бастылары: Сириядағы лаңкестікпен күрес, Ливиядағы қарулы жанжалды реттеу, АҚШ пен Иран арасындағы текетірес, Иран ядролық бағдарламасы жөнінде келісім. Сергей Лавров осы мәселелер бойынша Ресейдің ұстанымын жеткізді. Астана процесінің арқасында Сириядағы дағдарыстың әскери, саяси және гуманитарлық тұстарын шешуде елеулі табыстарға жеткенін мәлімдеді. Сергей Лавров бұл аймақтан өз азаматтарын қайтаруға бағытталған Қазақстан іс-қимылының маңызын атап өтті.

Еске сала кетсек, «Жусан» арнайы операциясы нәтижесінде Қазақстанның 600-дей азаматы Отанына оралған болатын. Олардың 400-ден астамы бала. Ал жақында аналары Ирак түрмелерінде отырған 14 қазақстандық бала еліне қайтарылды. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі қызметін атқарушы:

- Бұл өз азаматтарының алдындағы міндетін орындау барысында кез келген дербес мемлекет қабылдауы тиіс іс-шара. Біз де осындай мәселелермен айналысып келеміз. Әскеріміз бен арнайы қызметтеріміз және бала құқықтары жөнінде уәкілдеріміз Ирак пен Сириядан балаларымызды қайтарумен айналысады. Бұл жөнінде қазақстандық әріптестерімізбен тәжірибемізбен бөлістік. Әйелдердің көбісі сол жерге баруға ниеті болмаса да, алданып келген. Балалардың бұған тіпті қатысы жоқ. Олардың қалыпты ортаға оралып, нағыз азамат болып өсуін тілейміз.

Өткен жылдың жетістіктері ретінде Сергей Лавров еуразиялық кеңістіктегі серіктестерімен өзара әрекеттесу ауқымының кеңеюі және Еуразиялық экономикалық одақтың өзге елдермен ынтымақтастығының дамуын атады. 

Сергей Лавров, РФ Сыртқы істер министрі қызметін атқарушы:

Еуразиялық интеграция бағытындағы жетістіктерімізді ерекше атағым келеді. Оның арасында Еуразиялық экономикалық Одақтың өзге елдермен байланыстарының ұлғаюы бар. Израиль және Мысырмен белсенді келіссөздер жүріп жатыр, Үндістанмен келіссөздер бастау туралы шешім қабылданды.

«Ал алдағы жылдың жоспарындағы маңызды міндет – Жеңістің 75 жылдығын атап өту», дейді Лавров. Ал Сыртқы істер министрі қызметінде бұдан кейінде қалғысы келе ме деген тілшілердің сұрағына тура жауап берген жоқ. Ресей үкіметінің жаңа құрамы келесі аптада белгілі болмақ.

Авторлары: Дана Нұржан, Дмитрий Настиченко

Хабар 24 телеарнасы