Қарағанды облысында жемқорлық салдарынан өткен жылы 2 жарым млрд теңгеге залал келген. Бұл қаражат толық өндірілді деп мәлімдеді сыбайлас жемқорлықпен күрес департаментінің басшысы.
2019 жылы аймақта 50 жемқор құрықталып, сотталған. Олардың қатарында департамент басшыларының орынбасарлары мен бөлім басшылары бар. Мәселен, Шахтинск пен Жезқазған қаласындағы құрылыс бөлімінің басшылары жалған құжаттарды тапсыру арқылы қазынадан 300 млн теңгеге жуық қаражат жымқырған. Сонымен қатар теміржол қызметкерлеріне баға беру орталығының директоры парамен ұсталды. Ол сертификаттарды ақшаға сатқан. Жалпы өткен жылы аймақта 80 жемқорлық құқық бұзушылық анықталды.
Денис Шакенов, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің облыстық департамент басшысы:
- Машинистерді дайындау орталығы. Олар осында келіп оқулары тиіс. Алайда олар топ болып жиналып осындағы облыстық филиалдың басшысына ақшаны жинап беріп отырған. Басшы болса өз кезегінде сынақ пен кәсіби шеберлік сабақтарын меңгергендігі туралы құжатқа қолын қойған. Ал іс жүзінде олар ешқандай дайындықтан өтпегендері анқыталды.